17:00 Мал шаруашылығы

Ақмола облысында құны 15,5 млрд теңге болатын ет кластері құрылуда

Ақмола облысының Ерейментау ауданында жалпы инвестиция көлемі 15,5 млрд теңгені құрайтын ірі агроөнеркәсіптік ет кластерін құру жобасы басталды. Жоба толық тұйық өндірістік циклды қалыптастыра отырып, асыл тұқымды мал шаруашылығын, фермерлік шаруашылықтарды және өнеркәсіптік бордақылауды біріктіруді көздейді. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Кластер құрылымына «Торғай» ЖШС және «Соколинки и К» ЖШС ІҚМ қалмақ тұқымының асыл тұқымды репродукторлары, сондай-ақ ІҚМ бордақылау кешені («Номад» ЖШС) енгізілген. 2027 жылға қарай жылына 30 мың басқа дейін қуаттылыққа шығуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жайылымдардың жемшөп сыйымдылығын едәуір арттыру жоспарлануда», - деп атап өтті консорциум кеңесшісі Гүлмира Исаева.

Кәсіпорынның жоспарында етті ірі қара малдың аналық табынының 17,3 мың басқа дейін өсуі, асыл тұқымды жас мал санының өсуі және фермерлік шаруашылықтардың кооперациясын дамыту бар. Жоба 240 тікелей және 400 жанама жұмыс орындарын құрады. Болжам бойынша, кластерді іске асырудың экономикалық әсері бюджетке 1,1 млрд теңге сомаға түсімдерді қамтамасыз етеді.

«Қазіргі уақытта зәкірлік жобаларды іске асыру үшін барлық жағдайлар жасалған. Ерейментау ауданы мал шаруашылығының үлкен әлеуетіне ие. Облыс бойынша жайылымдық алқаптардың 23%-ы осында орналасқан. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы мал өсіруге қолдау көрсетеді. Жеңілдетілген несие қаражаты есебінен 406 бас ІҚМ, 1800 - ұсақ мал және 53 - жылқы сатып алынды. 100-ден 1200 басқа дейінгі бірқатар ет фермалары жұмыс істейді. Халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігі бар», - деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.