Түркістан облысында 50 млрд теңге инвестициясымен ет кластері құрылуда
Түркістан облысында құны 50 млрд теңге болатын жеті жоба енгізілген ет кластері құрылуда. Өндіріс қуаттылығы жылына 35 мың тонна етті құрайды, 802 жұмыс орны құрылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңірде 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең өңдеу бойынша ірі кешендер салынуда. Сондай-ақ, Орталық Азияда баламасы жоқ мал шаруашылығы биржасы құрылуда.
Бүгінгі таңда Kaz Eco Meat, Turkestan Agro.kz және «Бес қара» ет өңдеу кешендері пайдалануға берілді. Олар бірлесіп 35 мың тонна етті өңдей алады.
«Жалпы, кластерлік бағыт отандық терең өңдеуді дамытады және фермерлерге өз өнімдерін нарықта кепілдендірілген өткізу мүмкіндігін береді», - деп атап өтті әкімдікте.
Сонымен қатар, «Қарқын Трейд» компаниясы Түлкібас ауданында ет бағытындағы ірі құс фабрикасын салуды бастады. Жобаның құны - 53 млрд теңге. Фабрикада жылына 48 мың тонна құс еті өндірілетін болады.
Түркістан облысында ет кластерлерінен басқа мақта және жүгері кластерлері құрылады. Атап айтқанда, Шардара ауданында құны 35 млрд теңге болатын «Қазкрахмал» зауыты салынуда. Зауыт жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін болады. Өңірде жүгері егу алаңын 2030 жылға қарай 40 мыңнан 70 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.