05 января 2026 Мал шаруашылығы

Қонаевта инвестиция көлемі 88 млрд теңге болатын жем өндірісі салынады

Алматы облысында инвестиция көлемі 88 млрд теңгеден асатын үй жануарларына арналған жем өндіретін зауыт салынады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қонаев қаласында кәсіпорын салуды көздейтін «Mars Petcare Kazakhstan» ЖШС-мен келісім жасасты. Инвестициялардың жалпы көлемі 88,8 млрд теңгеден асады. Жобалық қуаты - жылына 100 мың тонна өнім.

Жем өндіретін зауыттың құрылысын 2030 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Жұмыс 2031 жылдың 1 қаңтарында басталады. Зауытта Қазақстан азаматтарының үлесі кемінде 85% болатын 200 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, кадрларды оқыту және олардың біліктілігін арттыру бойынша іс-шаралар жоспарлануда.

Жобаны іске асыру қосылған құны жоғары отандық өнім желісін кеңейтуге және өңірде тұрақты өндірістік базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.