10:55 Мал шаруашылығы

Ақтөбе облысында жүзден астам ветеринариялық пункт салынады

Ақтөбе облысында екі жыл ішінде 107 ветеринариялық пункт, үш модульдік ветеринариялық станция және 57 типтік мал қорымын салу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімдігінде хабарлады.

«2026 жылы үш модульді ветеринариялық станция сатып алу және орнату, 77 ветпункт және 28 типтік мал қорымын салу көзделген», - деп ведомствода хабарлады.

Ветеринария басқармасының мәліметінше, өңірде 2,2 млн-нан астам ауыл шаруашылығы жануарлары, оның ішінде 617 мыңнан астам ірі қара мал, 1,15 млн ұсақ мал, 413 мың жылқы және 23 мыңнан астам түйе тіркелген.

2026 жылы аса қауіпті аурулардың алдын алу үшін жануарлар мен құстарды инфекциялардың 12 түріне қарсы вакцинациялау жоспарлануда. Барлығы 9,1 млн дозадан астам вакциналарды салу көзделген. Сонымен қатар, бруцеллезге 800 мыңнан астам ірі қара мал және 1,4 млн-нан астам ұсақ мал тексеріледі.

Өңірде ветеринариялық саланы цифрландыру жалғасуда. Жануарларды сәйкестендіру үшін чиптеу және GPS мониторингі қолданылады: қазірдің өзінде ірі қара малға 3 188 чип, жылқыға 15 565 чип орнатылған, 1 170 GPS трекері қолданылады. Ветеринариялық станциялар 157 сканермен жабдықталған.

Өңір басшысы Асхат Шахаров әкімдікте өткен кеңесте алдын алу шараларын күшейтуді, вакцинациямен толық қамтуды қамтамасыз етуді, ауыл шаруашылығы жануарларының қозғалысын бақылауды күшейтуді және биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату жүйесін жетілдіруді тапсырды.