Қазақстанда ветеринарлар үшін жоғары жалақы енгізілді
ҚР үкіметі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулыға өзгерістер енгізді.
Құжатта ауылдық жерлерде жұмыс істейтін ветеринария және мұрағат мамандарының жалақысын (тарифтік мөлшерлемелерін) көтеру көзделген. Бұл мамандықтар бұрын бекітілген тізімді толықтырды, оған ауылдарда жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт мамандары енгізілді.
Қаулыға сәйкес, кемінде 25% мөлшерінде көтерілген жалақы жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша белгіленеді.
Қаулы оған қол қойылған күннен бастап, яғни 2026 жылғы 30 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның үкіметі ветеринарияны дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған Кешенді жоспарын бекітті. Құжат шеңберінде саланы кадрлық қамтамасыз етуді күшейту және ветеринариялық мамандардың жалақысын арттыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, арнаулы орта білімі бар қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 1,5-2,5 есе өседі.