08:05 Мал шаруашылығы

Ақтөбе облысында өлген малдан үш түрлі ауру анықталды

Маусым және шілде айларында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Шеңбертал және Құрылыс ауылдарында мал жаппай қырылды. Зерттеу ошақтарында жүргізілген нәтижелер үш аурудың болуын көрсетті: тейлериоз, пироплазмоз, ал кейбір жағдайларда — лептоспироз. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасына сілтеме жасап Kazinform хабарлады.

Ветеринария басқармасының мәліметінше, ауру өлген 51 жануарда расталған.

Тейлериоз және пироплазмоз - бұл қан соратын кенелердің шағуы арқылы берілетін паразиттік аурулар. Лептоспироз жануарлардың аса қауіпті ауруларының қатарына жатады, ал оның негізгі табиғи тасымалдаушылары — кеміргіштер.

Қазір ветеринарлық мамандар күн сайын аулаларды аралап, ауру белгілері бар жануарларды оқшаулайды, оларды емдеуді ұйымдастырады және мал иелеріне қажетті алдын алу шараларын түсіндіреді. Сондай-ақ эпизоотиялық жағдайды тұрақтандыру үшін шектеу шаралары қабылдануда. Сауықтыру іс-шараларын Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ өткізеді.

Ветеринария басқармасы жағдайдың тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Мал иелеріне ветеринария мамандарының ұсынымдарын қатаң сақтау, малдың бақылаусыз жайылуына жол бермеу, малды кенеге қарсы уақтылы өңдеу және аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу ветеринариялық қызметке хабарласу қажеттігі ескертілді.