08 января 2021 Мал шаруашылығы

Арқалық құс фабрикасы жұмысын қайта бастады

Өткен жылғы күзде құс тұмауының салдарынан барлық құстарынан айрылған Арқалық құс фабрикасына жаңадан балапандар әкелінді. Бұл туралы Қазақстанның жұмыртқа өндірушілері қауымдастығының президенті, «Шаңырақ» компаниялар тобының иесі Максим Божко хабарлады.

«Біздің Арқалық құс фабрикасында өмір қайтадан оралғандай! Өткен жылы құс тұмауы шыққаннан кейін алғаш рет балапандар әкелдік. Енді 4 айдан кейін Арқалықтың дәмді де сапалы және бағасы қол жетімді жұмыртқасы дүкендерде сатылатын болады», - деп жазды Максим Божко Facebook-те.

Оның айтуынша, 600 мыңнан астам жұмыртқа туатын тауықтардың санын жыл соңына дейін фабрикада қалпына келтіру жоспарланған.

Еске салсақ, ресми мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы құс тұмауынан үш құс фабрикасы 500 мыңнан астам тауықтарынан айрылды, ал тұрғындардың 24 мың бас құстары  қырылды.

Арқалық құс фабрикасында құс тұмауы пайда болғанға дейін 502 600 бас құс болған. Қазан айының басында  үй құстарының жаппай өлуіне байланысты фабрикалар жұмысын белгісіз мерзімге тоқтатқан еді.