Сенатордың экзотикалық аурулар туралы мәлімдемесіне ветеринарлық қызмет жауап берді
Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев Қазақстанға $500 млн мемлекет субсидиясына 153 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал әкелінгенін айтты. Сонымен қоса елге аталған малдармен бірге экзотикалық жұқпалы аурулар келуі мүмкін екендігін жеткізген болатын. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бұл мәлімдемені ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Нұртазина түсіндірді.
Қазақстанға асыл тұқымды малдың жаппай импорты 2012 жылы басталды, негізінен импорттаушы елдер Австрия, Чехия, Канада, АҚШ, Ирландия, Австралия, Ресей болды.
«2012 жылдың соңында Солтүстік Қазақстан облысына Австриядан 722 бас ірі қара мал жеткізілген болатын. Ветеринариялық-санитарлық талаптарға сәйкес, мал экспортталатын және импортталатын кезінде 21 күн карантинде тұрып тексерістен өткізіледі. Бұл түрлі ауруды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ малдың ерекше қауіпті ауруларының таралуын тоқтату үшін қажет. Солтүстік Қазақстан облысына әкелінгеннен кейін бұл малдар карантинге қойылды және қауіпті аурулары тексерілді. Бұл жолы әкелінген малдардың Шмалленберг ауруына шалдыққаны белгілі болды, сараптама оң нәтиже көрсеткен болатын. Содан кейін бұл ауру алғаш рет ЕО-да табылды және ол уақытта бұл ауру соншалықты белгілі емес еді. Осы ауруды уақтылы анықтаудың арқасында ветеринария қызметі бірқатар қатаң шараларды қабылдады. Карантин кезінде бұл малдардың барлығы жойылып, аурудың таралуының алдын алынды», - деді Гүлжан Нұртазина.
Тақырыпқа байланысты оқу: Қазақстанда ветеринар дәрігер тапшы
Оның хабарлауынша, бүгінде Қазақстан аумағы Шмалленберг ауруынан ада –таза аймақ болып саналады. Сонымен қатар, елімізде экзотикалық емес аурулар тіркелген. Осыған байланысты Комитет өкілі мал иелеріне ветеринарлық қызметке пайда болған барлық мал аурулары туралы міндетті түрде хабарлау керектігін ескертті.
«Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір аурулардың түрі Қазақстан Республикасының аумағында тіркеліп жатқандығы туралы ақпарат бар, бірақ бұл мәлімет ресми расталмаған. Сондықтан мен ветеринариялық талаптарды сақтау қажеттілігін атап айтқым келеді: егер шаруашылықта мал өлімі немесе аурудың клиникалық белгілері байқалса, малдың иесі ветеринария қызметіне хабарлауға міндетті. Осыдан кейін арнайы комиссия ұйымдастырылады, ол сол жерге барып, сынама алып, сараптамалар зертханаға жіберіледі. Зертхананың қорытындысынан кейін ғана диагноз қойылады. Тек осы жағдайда ғана ауру ресми түрде тіркеліп, барлық ветеринарлық шаралар жүзеге асырылады», - деп қорытындылады ойын Гүлжан Нұртазина.