Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.
Бал баптаған Қазақстан
Қазіргі пандемия кезінде бал шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артып отыр. Көптеген адамдарды ағзаны әртүрлі жұқпалы инфекцияларлан қорғайтын және иммунитетті жоғарылататын қабілетіне байланысты прополис қызықтырады. Перга – дәрумендерге бай. Әрине, балдың өзі кез-келген суыққа қарсы ең жақсы ем. Сонымен қатар, мұның бәрі дәрі-дәрмектің орнына пайдаланатын табиғи қорғаныш.
Бейнежазбада: «Медок» ЖК омартасы, Қарағанды облысы
Белгілі қазақстандық саяси және қоғам қызметкері Сергей Терещенко 2010 жылы «Бал-Ара» Қазақстанның ара өсірушілері ұлттық одағының негізін қалады. Оның міндеті – елімізде халықты да, экономиканы да сауықтыратын ара шаруашылығын жандандыру.
Тәтті шар
«Бал-Ара» АӨҰО президентінің бағалауы бойынша, Қазақстандағы ара шаруашылығы жақсы қарқынмен дамуда.
- Бүгінгі күні Қазақстанда омарташылар саны он мыңнан асады деп ойлаймын, - деді Сергей Терещенко. – Дегенмен, бұл шартты көрсеткіш болғанымен, кейбіреулер ара өсірумен кәсіби айналысады, олардың саны бес-жеті мың болуы керек. Біреулері осы шаруашылықпен ара-тұра айналысады. Кәсіби омарташылардың басым бөлігі Алматы, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында. Қазақстанның батысында, Қарағанды облысында да бар. Ара шаруашылығының ҚР АӨК 2017-2021 жылдардағы даму бағдарламасына енгізілуіне қол жеткіздік, оның аясында асыл тұқымды араларды сатып алуға жеңілдіктер қарастырылған. Бізде «Ара шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы да бар, бірақ ол одан әрі пысықтауды қажет етеді.
Суретте: Сергей Терещенко
Бал өндірісінің көлеміне баға беру оңай емес. «Бал-Ара» АӨҰО президентінің айтуынша ара шаруашылығы одағы құрылған кезде, 2019 жылы еліміз 989 тонна бал өндірген болатын. Соңғы он жылда омарташылар саны бірнеше есе өсті. Тиісінше, өндіріс көлемі де ұлғайды, саланың әлеуетін толық пайдалануға әлі алыс болғанымен, 2019 жылдың соңына қарай бал өндірісі 15 мың тоннаға дейін жетті. Шынында да, КСРО кезінде Қазақстан ара өндірісінен Ресей, Украина және Белорусиядан кейінгі төртінші орынды иемденген болатын. Қазақстан тұтыну одағы арқылы экспортқа жыл сайын Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Германия тәрізді елдерге 50 мың тонна бал жеткізетін.
- Қазіргі өндіріп отырған көлеміміз, біздің еліміз ие болып отырған ресурстарға салатын болсақ дым да емес,- деп атап өтті Сергей Терещенко. – Біздің мүмкіндіктеріміз жер шарын қалыңдығы 1 сантиметр бал қабатымен жабуға жетеді! Бал беретін өсімдіктерге бай болғандықтан, балымыздың да сапасы керемет, жесең тіл үйіреді. Олардың мыңға жуық түрлері бар. Осыдан жеті жыл бұрын 350-ден астам өсімдіктерге сипаттама берілген «Қазақстанның балды өсімдіктері» атты кітабының тұсауын кестік. Қазір оны толықтырып, онда бал араларына егжей-тегжейлі сипаттама бермекшіміз. Омарташылар үшін бұл таптырмас кітап.
Пайдалы балама
Алайда, әлеуетті іске асыруға өткізу тәрізді проблема кедергі келтіріп тұр. Қазақстандағы халық санының көп болмағаны аздай (еліміз алып жатқан ауданға қатысты), балды тұтыну мәдениеті де тұралап тұр. Ағзаға пайда әкелмейтін, сонымен қатар денсаулыққа тікелей зиян тигізетін қанттан дайындалған тәттілерге деген сұраныс артып отыр. Оның орнына балды тұтыну қолжетімді, әрі денсаулыққа пайдалы.
- Қант – бос өнім, оны балмен ауыстыру қажет, – дегенді еске салды Сергей Терещенко. - Коронавирус жайлаған қазіргі уақытта жалғыз қорғаныш – өзіндік иммунитет екенін бәрі түсінеді. Иммунитетті бал, перга және тағы басқа бал шаруашылығы өнімдерін тұтыну арқылы қолдауға болады. Олар әр үйдің дастарханынан табылуы тиіс.
Одақ үкіметке балды халық арасында насихаттау, бал тұтыну мәдениет дамыту үшін оны балабақшалардың, мектептер, ауруханалар, қарттар үйінің рационына енгізу өтінішімен жүгінген болатын.
- Егер бұл өтінішіміз жүзеге асатын болса, балға деген сұраныс артады және Одақ аясында ара шаруашылығы салаларында 100 мыңнан астам жұмыс орындарын ашамыз, - деп уәде берді Сергей Терещенко.
Бал өсімдіктері конвейері
Бұл ретте, Сергей Терещенко бал өндірісі – ара шаруашылығының тек бір қыры ғана екеніне назар аударды. Өйткені, бұл пайдалы жәндіктердің негізгі мақсаты – адамдарды тәттімен қамтамасыз ету емес, өсімдіктерді тозаңдандыру. Бұл атақты ойшыл Алберт Эйнштейннің: «Жер бетінен ара жоғалғаннан кейін, төрт жылдан соң адам жоғалады. Аралар болмаса өсімдіктер тозаңданбай қалады, өсімдіктер болмаса адам да, жануарлар да болмайды» деген сөздерін еске түсіреді.
Айтпақшы, 2018 жылдан бастап БҰҰ бастамасымен 20 мамырда Дүниежүзілік аралар күні атап өтіледі. Ол аралардың маңыздылығын, оларды қорғау мен сақтау қажеттілігіне назар аударуды мақсат етеді.
- Шаруашылықтың даму парадигмасының өзі өзгертілуі керек. Бүгін омарташылар бал өсімдіктерін аңдуда: бірдеңе гүлденсе, олар сол жерге жүгіреді. Елдің бір қиырынан екінші қиырына барып бал жинайды, бұл деген балдың өзіндік құнын арттыратын үлкен шығын. Бұлай істеудің қажеті жоқ. Қазақстанда фермерлер жыл сайын 5 млн га тыңайған егістік қалдырып отырады. Осы егістктерге түйежоңышқа, түймежапырақ, ешкі шөп лақса тәрізді бал беретін өсімдіктерді егу керек. Егістікті бір өсімдік гүлдеуін тоқтатқан кезде, екіншісі гүлдеп жататын, бал беретін өсімдіктер конвейеріне айналдыру керек, – деген ойларымен бөлісті Сергей Терещенко.
Мәселе тыңайған жерлерді осындай жолмен пайдаланудың орасан зор пайда әкелуінде, өйткені топырақ өсімдік арқылы азотпен тыңайтады, осы өсімдіктерден кейін отырғызылатын дақылдардың өнімділігін біршама арттыруға мүмкіндік береді. Бұл аздай, егістік алқаптарында табиғи органикалық тыңайтқыш түзетін өсімдік қалдықтары қалады.
Тақырып бойынша: «Омарташылар одағының басшысы жаңадан 100 мың жұмыс орнын ашуға шақырды» мақаласын оқыңыз.
Оған қоса, шөпті мал азығы ретінде пайдалануға болады. Мұның бәрі фермер үшін қосымша табыс және аграрлық шаруашылықтың кірістілігін де айтарлықтай арттырады.
- Бидайдың әр гектарынан 300 доллар алынады, - деп есептеді Сергей Терещенко. – Ал егер түйежоңышқа егіп, одан бал жинайтын болсақ, онда сол гектардан ара шаруашылығы өнімдері мен шөппен қамту есебінен 1000 долларға дейін табыс алар едік. Осы жүйені дұрыстап жолға қойсақ, шаруашылық та 5-7 жылда минералды тыңайтқыштарды қолданудан толық бас тартып, шығындарды айтарлықтай үнемдер еді.
Экспорттық әлеует
Ойлай алатын, есептей алатын фермерлерді мұндай тәсіл қызықтырары сөзсіз. Олар жайлап қосылуда. Бұл жерде жоғарыда тоқталған өткізу проблемасы тағы туындап отыр. Жиналған балды сату керек болғанымен, ішкі нарық ірі көлемдерді сіңіріп алуға қабілетсіздік танытуда. Экспортқа шығаруды жолға қою керек, бірақ мемлекетіміз жаңа өткізу нарықтарын ашуға селқостық танытуда. Ал Жапониядан бастап БАӘ-ге дейін, Европадан АҚШ-қа дейінгі елдерде қазақстан балына деген қызығушылық басым.
- Франция сұрастырған жаңа үлгілерді жөнелттік, – деп Сергей Терещенко алдағы жоспарларымен бөлісті. – Бірақ мәселе Қазақстан мен ЕО арасында олардың нарығына бал шығару келісімінің болмауында болып тұр. Қытаймен жұмыс жасай бастап едік, пандемияға байланысты кедергілер туындады. Уақыт өте келе балды жүз мың тонналап экспортқа шығаратынымызға сенімдімін. 2050 жылға қарай 1 млн тонна бал өндіруіміз керек. Бал өсімдіктері конвейерін қолға алып, бал өндірісін де көтереміз, жерді де тыңайтамыз.
Тақырып бойынша: «Қазақстан балы Еуропалық балға қарағанда қауіпсіз» мақаласын оқыңыз.
Қытайлықтар Қазақстанға омарталарды тексеруге жиі келетіндіктен, бал сапасына қандай да болмасын шағымдары жоқ. Мамандар қазақстан балының қанық түсін, хош иісі сезілетін тамаша дәмін айқындап берген.
Табыстылық ресурстары
Қазақстанның фермерлер одағы төрағасының орынбасары Ербол Есенеев те ара шаруашылығының зор әлеуеті мен елдің пайдасына ден қойды. Оның айтуынша, елде қант тұтынудың үнемі артуы ұлт денсаулығына нұқсан келтіруде. Табиғи өнімдерді ғана пайдаланудан тұратын дұрыс тамақтануға қайта оралуымыз керек.
- Талдау жүргізу барысында әр қазақстандықтың жылына орта есеппен 27-28 кг қантты – сусын, кондитерлік өнімдер және тағы басқалары арқылы тұтынатынын анықтадық. Бұл өте жоғары көрсеткіш, одан да қантты балға, сондай-ақ ақ табиғи көкеністер мен жемістерге алмастыру әлдеқайда пайдалы болар еді, – деді Ербол Есенеев.
Суретте: Ербол Есенеев
Өткен жылы Қазақстан жеп қойған 500 мың тонна қанттың жартысы, яғни 250 мың тоннасы 14 миллион доллар көлемінде импортталды. Оған қоса, осы жылдан бастап қамыс қантының импортына 5% баж салығы қолданылатындықтан, экономика үшін балды қантпен алмастырған әлдеқайда тиімді.
- Қазақстан үшін ара шаруашылығын дамыту ауыл шаруашылығының табыстылығын арттыру көзі болып табылады, - деп толықтырды Ербол Есенеев. – Жаңа жұмыс орындарын ашудан өзге, ол өсімдік шаруашылығымен, мал шаруашылығымен, тіпті бау-бақшамен айналысатын қазіргі фермерлерге де қосымша мүмкіндіктер береді. Өсімдіктердің гүлдеу сатысын ара шаруашылығы өнімдерін өндірудің мол пайдасын алу үшін қолдануға болады. Бұл кез-келген шаруашылықтың табыстылығын арттырады. Ең бастысы, бұл саланың дамуы қоршаған ортаға қандай да болмасын нұқсан келтірмейді. Керісінше, өсімдіктерді тозаңдандыру арқылы табиғатқа пайдалы.
Одан өзге, қалалардың айналасында орман екпелерінің үлкен аудандары бар. Оларды жазғы уақытты маусымдық омарташылардың қала тұрғындары үшін бал жинау орны ретінде қолдануға болады. Бұл бизнеспен айналысу әркімнің қолынан келеді, өйткені қарапайым омарта жоғары табыстылығының арқасында өзін бір, бір жарым жыл ішінде ақтап шығады.
Тақырып бойынша: «Жамбыл облысының омарташылары сыртқы нарыққа шығу үшін бірігуде» мақаласын оқыңыз.
Саланың одан әрі дамуының негізгі шарты сатып алу жүйесін жолға қою арқылы омарташыларға сатылымды қамтамасыз ету болып табылады. Міне, сол кезде омарта шаруашылығына жаңа адамдар тартылады.
- Біздің 18 миллион халқымыз мұнша балды жеп үлгермейтіндіктен, сыртқы өткізу нарықтарының көздерін ашу керек, – деп атап өтті Ербол Есенеев. – Үлкен сұранысқа ие және барынша жоғары баға сегментінде саудаланатын органикалық балдың нарықта өз орны бар. Ал негізінен, Қытайда индонезиялық бал бағаланады. Осыған байланысты Қытай кәсіпкерлері Қазақстанның балын сатып алып, қаптамасының сыртына индонезиялық деп жазып, сәтті сатып жатқандарына куә болыып жүрміз. Себебі біздің балдың сапасы өте жоғары. Менің білуімше, біздің бал АҚШ-та да сәтті саудаланады.
Сирек сұрып
Биылғы жыл омарташыларға оңай болып тұрған жоқ, мамыр және маусым айларындағы аптапта бәрі күйіп кетті. Одан қалса, шілдеде жаңбыр құйды. Омарташыларға қолайлы сәтті пайдалану, бал өсімдіктерінің өсетін орындарын іздестіру қалды. Әр омарташының жылда өтіп жүрген жолдары бар.
Негізгі мамандығы инженер-геодезист екеніне қарамастан Виктор Кулешов «Бал-Ара» АӨҰО Қарағанды облыстық филиалының төрағасы болып табылады. Ол өзінің таныс омарташысына көмектесе жүріп, студенттік кезінің өзінде омарта шаруашылығының қыр-сырымен танысқан. Жаз бойы сонда болып үйренген. Ал оқу орнын тәмамдаған соң серіктесі Максим Воронинмен жеке «Медок» омартасының негізін қалады.
- Бес жыл бұрын омарталары, жүк тиегіші бар өз павильонымызды сатып алдық. Бірінші маусым қиын болғанымен, артынан ісіміз оңға басты. Қазір 220 омартамыз бар, – деп Виктор Кулешов әңгімесімен бөлісті.
Суретте: Виктор Кулешов (сол жақта) және Максим Воронин
Бал жинау бағдарына келетін болсақ, бал экологиялық таза болуы үшін жол бойынан алысқа барып жинауға тырысу керек. Көбінесе Қарқаралының адам аяғы тимейтін, бағалы түйежоңышқа өсетін жабайы шалғындарынан жиналады. Мұндай жерлер облыста көп. Ең дала, орман алқаптары әртүрлі өсімдіктерге бай. Оңтүстік өңірлердің омарташылары да бал соңында Сарыарқаға ат басын тіреп жатады.
- Біздегі балдың барлығы керемет! Әр адам өз талғамына қарай ұнатады. Біреулері ақ балды, енді біреулері түсі қошқыл, дәмі нәзік балды ұнатып жатса, біреулерге ащылау дәмі бар бал ұнайды. Әр түрдің өзіндік ерекшелігі болғанымен, кез-келгені пайдалы. Мәселен, күнбағыс балы шаршаудан көмектеседі. Қарақұмық балы темірге бай болғандықтан, отадан кейін ағзаны қалпына келтіруге көмектеседі. Түйежоңышқадан алынған бал гипоаллергенді, оны кішкентай балаларға да беруге болады. Бұл ретте, түйежоңышқа жыл сайын гүлдемейтіндіктен, одан бал сирек алынады, – деді Виктор.
Бұл омартада бал өткізу проблемасы жоқ, «Медок» өнімі «Южный» супермаркеттер желісіне жеткізіледі. Алайда, экспортқа шығару туралы ойлары бар, шаруашылықтарын кеңейту жоспарда. Сергей Кулешов өзінің балын серіктестерімен бірге Қытайға жеткізіп, олардың табиғи қазақстандық өнімді қалай бағалайтынына, сүйіп тұтынатын өнімі екендіктеріне көздерін жеткізіп қайтты. Осы бағытта тұрақты жұмыс атқару үшін көп өнім керек. Міне, осы жерде Одақтың көмегі қажет. Оған кіретін омарташылар саны көбейген кезде, Қазақстан шет ел нарығына балдан өзен ағызар еді.
Кіру бағасы
Виктор Кулешов сәуір айында «Бал-Ара» АӨҰО Қарағанды облыстың филиалының төрағасы болып тағайындалды. Аймақта 500-ге жуық омарташылар бар. Одақтың жобасы ірі партияларды шет елге экспорттау жүйесінің іргетасын қалыптастыру болып табылатындығымен қызықты. Өйткені барлық сатып алушыларға өнімнің ірі көлемі мен жеткізу тұрақтылығы керек емес пе.
Одан өзге, мемлекеттік органдармен жұмыс жасауда қолдау маңызды. Бұл әсіресе карантин кезінде қиындық тудырды, көктемде аралар ашықты, блок-постар әдеттегі кестеге сәйкес гүлдену басталған оңтүстікке сапар шегуге мүмкіндік бермеді. Ара шаруашылығы одағы арқылы өтініш ресімделіп, көп ұзамай омарташылар шығуға рұқсат алды. Осылайша, аралар аштықтан құтылды.
Фермерлердің тыңайған жерлерде бал өсімдіктерінің конвейерін жасау Одақтың да жоспарына кіреді. Топырақтың құнарлылығын жақсарту үшін қызығушылық танытып отырған фермерлер де жоқ емес.
- Бірігіп жұмыс істеп жатқан фермерлер бар. Қарағанды облысында олардың эспарцет егіп отырған егістіктеріне шығамыз. Ал шілденің ортасында қарақұмық пен күнбағыс отырғызатын Павлодар жаққа қарай барамыз. Ол жақтағыы фермерлер де біздің келуімізді күтеді. Аралардың өсімдіктерді тозаңдауының арқасында өнімділік 80%-ға дейін артады, - деді Виктор Кулешов.
«Кіру билетінің» бағасына келетін болсақ, бұл жерде барлығы жаңадан келген фермер сатып алғысы келетін ара ұяларының санына байланысты. Кем дегенде 150 ара ұясынан тұратын павильонның бағасы 7 млн теңгені құрайды. Қосымша жабдықтар тағы 3 млн.
Тақырып бойынша: «Қазақстанның аграрлық державаға айналуына қандай кедергілер бар» мақаласын оқыңыз.
20 ара ұясынан тұратын автомобильге тіркелетін арбадан да бастауға болады. Бұл жағдайда қосымша жабдық 1,5 млн-ға шығады. Бастайтын адамға осы да жеткілікті.
- Ал негізінен, Одақтың міндеті – бал және бал өнімдерінің пайдасы туралы ақпаратты кеңінең насихаттау, - деп атап өтті Виктор Кулешов. – Қазақстандықтар қант жеулерін тоқтатып, пайдалы тәттіге ауысулары керек. Бір литр балдың бағасы (бұл бір жарым кг) бөлшек саудада 2500 теңге тұрады. Кәмпит орнына осындай қолжетімді бал жесе.