Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.
Қазақстанда АӨК-ті қаржыландыру бес жыл ішінде 65%-ға өсті
Қазақстанның аграрлық саласы ұзақ уақыт бойы қаржыландырылмай келеді. Бұл мәселені барлығы қозғап жүр: шенеуніктер, сарапшылар, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өздері де. Әсіресе, бұл мәселе өткен маусымда және жаңа 2023/2024 маркетингтік жылы күшейе түсті. Осы кезеңде отандық АӨК "double combo" соққысын алды. Алдымен, әлемдік және ішкі нарықта ауылшаруашылық өнімдерінің бағасының төмендеуі, содан кейін 2023 жылы бидайдың едәуір бөлігінен айырылып қалуы. Нарық қатысушылары қазірдің өзінде жаппай банкроттық туралы айта бастады, әсіресе, онсыз да әрең күн көріп жүрген шағын шаруашылықтар арасында болуы ықтимал.
"Ал өз мемлекетімізде қалай?"- бизнес қиын кезеңдерде осындай сұрақтар қойғанды ұнатады. Нарық тұрақты болған жылдары конференцияға қатысушылар "шағын мемлекет" және "реттеуші гильотин" ұғымдарын талқылайды, ал дағдарыс келгенде, барлығы мемлекеттік ұйымдардың араласуын, қолдауды арттыруын сұрайды және осы бизнес төлеп жатқан салықтар қалай жұмсалады деген мәселені көтереді. 2023 жылы ҚР АШМ бюджеттік бағдарламаларының орындалуы туралы есептің деректері бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі мен АӨК субсидиялау бағдарламасын қаржыландыруға бөлінген қаражат көлемі жаңа рекордтық мәнге, 582,2 млрд теңгеге жеткен, бұл өз кезегінде рекордтық көрсеткіш көрсеткен 2022 жылмен салыстырғанда 25 млрд теңгеге (+4,5%) артық болды. Шын мәнінде, соңғы бес жылдағы өсім 65%-дан асты. Алға жылжу бар, сандық көрсеткіштер қуантады, алайда АШМ тарапына шағымдар саны азаймай тұр. Себебі неде? Көбісі, мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі деп жауап береді (ауыл шаруашылығы саласының қаржыландырылмағанын оқыңыз).
Халықаралық тәжірибе бұл туралы не айтады екен. OECD (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) статистикасына сәйкес, АҚШ 2022 жылы АӨК-ті қолдауға ЖІӨ-нің 0,5% бөлді, ЕО мен Үндістанда бұл көрсеткіш 0,6%-ды, ал Қытайда 1,7%-ды құрады.
* Қайта есептеу ҚР Ұлттық Банкінің ұлттық курсы $ бойынша жүргізілген
Яғни, ресми түрде Қазақстандағы ЖІӨ-нің ауыл шаруашылығын қаржыландыруға жұмсалатын шығындарының %-дық көрсеткіші ЕО пен АҚШ-тағы көрсеткіштерге сәйкес келеді. Бірақ бұл тек ресми түрде. Өйткені, қаржылық көмек көлемі - бұл мәселенің бір бөлігі ғана, екінші бөлігі - осы қаражат бөлініп жатқан мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі. Міне, осы жерде мәселелер туындайды. Бұл орайда АӨК саласын субсидиялау ережелеріне соңғы жылдары елу рет өзгеріс енгізілгені туралы соңғы жаңалықты еске түсірген жөн. Ендеше, тиімділік туралы сөз қозғау орынсыз.
Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қаржыландыру көлемі жайлы талқыладық. Келесі маңызды мәселе - шығындар құрылымы. 2022 жылы үш бап ауыл шаруашылығын бюджеттік қаржыландырудың ¾-тен астамын құрады. Соңғы бес жылдағы көрсеткіштерден "Қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру", "Мемлекеттік компаниялардың қызметін қаржыландыру" және "Мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын және қайта өңдеуді дамыту үшін жағдай жасау" сияқты бағыттар бойынша шығындар 2018 жылы мемлекеттің АӨК саласына бөлетін жалпы сомасының шамамен 50%-н құрағанын, ал 2022 жылы 80%-дан астам көрсеткішке жеткенін көруге болады. "Қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру" бағдарламасы инвестициялық салымдардың бір бөлігін өтеуді, кредиттер бойынша мөлшерлемелерді өтеуді және қаржылық қауіптерді сақтандыруды қамтиды. "Мемлекеттік компаниялардың қызметін қаржыландыру" Аграрлық несие корпорациясы, Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы және т. б. сияқты мемлекеттік компаниялардың қызметін қаржыландыруды және капиталдандыруды қамтиды. "Мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын және қайта өңдеуді дамыту үшін жағдай жасауға" кеткен шығындар сұрыптық сынақтарды, агрохимиялық зерттеулерді, фитосанитариялық және ветеринариялық қадағалауды, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қаржыландыруды көздейді.
Ең қызықты шығындардың бірі - "ҚР АШМ қызметін қаржыландыру". Қазақстанның аграрлық нарығындағы қатысушылардың наразылықтары мен қарсылықтарын, талаптарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы министрлігі өзіне қанша ақша жұмсайды екен. Орта есеппен, соңғы бес жылда АШМ-ді ұстап тұруға АӨК саласына бөлінетін бюджеттік қаржыландырудың жалпы сомасының 3,6%-ы немесе 2023 жылы 62 млн доллардан астам қаржы бөлінді. Яғни министрлікке арналған шығындардың өсу серпіні 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде 53%-ды құрады. Басқа бағдарламалардың шығындарына қарағанда өсу қарқыны төмен. Мысалы, "Қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру" бағытын қаржыландыру 162%-ға, ал "Мемлекеттік компаниялардың қызметін қаржыландыру" 105%-ға өскен.
Бірақ бюджет қаражаты ауыл шаруашылығын қаржыландыру көздерінің бір бөлігі ғана болып табылады. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2022 жылы АӨК саласына инвестициялар 850,3 млрд теңгеге жеткен. Бұл соңғы бес жылдағы ұлттық валютада да, АҚШ долларында да ең жоғары көркеткіш болып тұр.
* Қайта есептеу ҚР Ұлттық Банкінің ұлттық курсы $ бойынша жүргізілген
Инвестициялық салымдарды қаржыландыру көздерінің құрылымында 70%-ы өндірушілердің өз қаражатын құрайды. Соңғы бес жылдағы көрсеткіш меншікті капитал салымдарының, сондай-ақ банктік несиелердің үлес салмағы артқанын көрсетеді. Бұл орайда инвестициялық салымдардың 75%-дан астамы машиналар, жабдықтар мен көлік құралдарын сатып алуға бағытталған. Қазақстанның солтүстігі дәстүрлі түрде 2022 жылы ауыл шаруашылығына инвестиция көлемі бойынша көшбасшы болды. Төрт облыс - Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстары салымдардың жалпы сомасының 58%-ын құрады.
2022 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірушілеріне несие беру нарығы да оң динамиканы көрсетті. ҚР Ұлттық Банкінің деректері бойынша екінші деңгейдегі банктерден қарыз алу көлемі соңғы бес жылда ең жоғары көрсеткішке жетті. Алайда, қарыз жүктемесінің артуы оң көрсеткіш емес, керісінше, салада несиенің көбеюін арттыруға әкеледі деп айтуға болады. Бірақ егер сіз таяз ойласаңыз. Мысалы, ауыл шаруашылығы (5,3 трлн теңге) құрылыс (5,5 трлн теңге) сияқты ЖІӨ-ні өндіреді, бұл ретте 2023 жылдың басында ауыл шаруашылығы саласында берілген несиелердің көлемі 400,1 млрд теңгені құрады, ал құрылыс саласында 625,7 млрд теңгені құрады. Жалпы, ұлттық экономиканың ең ірі кластерлерінің арасында тартылған несиелік қаражат көрсеткіші бойынша ауыл шаруашылығы тізімнің соңында тұр, ал ҚР банк жүйесінің несие портфеліндегі АӨК-тің үлес салмағы 1,8%-ды құрайды. Өсуге мүмкіндік бар.
* Қайта есептеу ҚР Ұлттық Банкінің ұлттық курсы $ бойынша жүргізілген
Ауыл шаруашылығын несиелеудегіі маңызды оң үрдіс ұзақ мерзімді несиелер көлемінің қысқа мерзімді несиелерді басып озуы болды. 2022 жылы бұл үрдіс жеделдей түсті. Екінші жағынан, егер қаржыландырудың осы түрінің қолжетімділігі туралы айтатын болсақ, онда ауыл шаруашылығы несиелерінің 87%-ы заңды тұлғаларға берілгеніне назар аударған жөн. Шағын шаруашылықтарға бұл қаржы құралына қол жеткізу әлі де қиын. ҚР Ұлттық банкінің деректеріне сәйкес, 2022 жылы ауыл шаруашылығы өндірушілері несие қаражатын тартқан орташа мөлшерлемелер заңды тұлғалар үшін 15,9%-ды құрады, ал экономиканың барлық салалары бойынша орташа мөлшерлеме 19,1% деңгейінде болды.
Қорытындылай келе, Қазақстандағы ауыл шаруашылығын қаржыландырудағы ахуал, тұтастай алғанда,оң бағытта дамып келеді: мемлекеттік көмек, несие беру және инвестициялар көлемі өсуде және көпшілігі қарсылық білдіретіндей бұл өсім инфляциямен ғана қамтамасыз етілмейді, бұған қаржы ресурстарының ұлттық валютада ғана емес, сондай-ақ АҚШ долларында ұлғаюы дәлел бола алады. Алайда қамтылмаған жерлер де бар, атап айтқанда - отандық АӨК дамыту бағдарламаларының тиімділігі және барлық ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін қаржы құралдарының қолжетімділігі.