15 октября 2021 Элеваторлар

15,9 млн тонна астық бастырылды: жинау жұмыстары жалғасуда

Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау аяқталуға жақын. 14 қазандағы жағдай бойынша 15 768,1 мың га жиналды, бұл барлық егін жинау ауданының 99,2% құрайды. Бұл туралы ElDala.kz порталына Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының мәліметтері бойынша, Қазақстанда 15 887,1 мың тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік 10,1 ц/га құрады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрын айтқан болжамына сәйкес, дәнді және бұршақты дақылдардың жалпы түсімі шамамен 16 млн тоннаны, майлы дақылдар – 2 млн тоннаны құрайды. Сонымен қатар, биылғы жылы астық жоғары сапамен сипатталады. Қыркүйек айының соңындағы деректер бойынша лицензияланған элеваторларға 2,6 млн тонна астық келіп түсті, оның 91% - 1, 2 және 3-класты жоғары сапалы астық. 2020 жылы бұл көрсеткіш 83% деңгейінде болды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1 қазандағы жағдай бойынша дәнді және бұршақты дақылдар қоры 14 015 483,2 тоннаны құрады. Оның ішінде бидай – 11,3 млн тонна.

Тақырып бойынша оқу: ҚР-да бидай бағасы 120 мың теңгеден асты

Ауыспалы астық қалдығы биыл 3,5 млн тоннаны, оның ішінде бидай-2,8 млн тоннаны құрады.

Светлана Калинкина