Қазақстан АӨК өнімдерін Сианьға 100 млн долларға жеткізеді

Қазақстандық компаниялар Сиань қаласындағы сауда-экономикалық миссия аясында 100 млн долларға экспорттық келісімшарттар жасасты. Бұл туралы ElDala.kz ҚР сауда министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

"Іскерлік алаңда қазақстандық компаниялар өздерінің экспорттық әлеуетін таныстырып, отандық өнімдердің үлгілерін ұсынды. Сауда миссиясының қорытындысы бойынша ҚХР-ға ұнтақ түйе сүтін, сусындарды, жұмыртқа кеспесін, ІҚМ және ұсақ мал етін шамамен 100 млн доллар сомаға жеткізуге экспорттық келісімшарттарға және одан әрі сауда - экономикалық ынтымақтастық туралы 4 меморандумға қол қойылды", - деп хабарлады Сауда министрлігі.

ҚР сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, Қазақстанның ҚХР-ға экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуде үлкен әлеуеті бар. Бұл салқындатылған ет, балық өнімдері, құс еті және ет өнімдері және жоғары маржиналды тауарлардың басқа түрлері.

"Қазақстандық компаниялар қытайлық тұтынушыға 1 млрд доллардан астам сомаға 135 қосымша тауар позициясы бойынша өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы тауарларының кең ассортиментін ұсынуға дайын", - деді вице-министр.

Іс-шараға 15-17 мамыр аралығында 40-тан астам қазақстандық азық-түлік тауарларын өндірушілер қатысады. Бұл май және ет өнімдерін, макарон және кондитерлік өнімдерді, бал, шарап және арақ өнімдерін, кебек, шырындар және басқаларын шығаратын кәсіпорындардың өкілдері.

Қытай тарапынан бизнес-кездесуге 800-ден астам кәсіпкер, сондай-ақ ҚР-ның Сианьдағы Бас консулдығының, Сианьның халықаралық сауданы дамытуға жәрдемдесу комитетінің, Сиань халық муниципалитетінің, Шэньси провинциясының Сыртқы істер жөніндегі кеңсесінің, Сианьның Сыртқы істер жөніндегі Кеңсесінің өкілдері келді.

Сауда вице-министрі атап өткендей, пандемиядан кейінгі кезеңге қарамастан, Қазақстан мен ҚХР арасындағы өзара сауда рекордтық көрсеткіштерге жетіп, өткен жылы 24 млрд доллардан асты. Оның ішінде қазақстандық өнімнің Қытайға экспорты үштен бірінен астамға өсіп, 13,2 млрд долларды құрады.

Сол сияқты Қазақстанда қытай тауарларына сұраныс артып келеді. Импорт көлемі 33,5% - ға өсіп, 11,0 млрд долларды құрады.

Өсу үрдісі биыл да жалғасуда. 2023 жылғы қаңтар-наурызда Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 5,9 млрд долларлы құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (4 4,6 млрд) 28,1% - ға жоғары.

"Осыдан он жыл бұрын ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда сөз сөйлеп, "Жібек жолының экономикалық белдеуін" бірлесіп салу жөнінде бастама көтеріп, маңызды сөздерді айтты: "Менің туған қалам Шэньсиде, ежелгі Жібек жолының бастапқы нүктесінде орналасқан". Бүгін біз Шэньси провинциясының Сиань қаласында "Бір белдеу - бір жол" бастамасының 10 жылдығын атап өту үшін жиналдық. Қытай-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа жетістіктеріне куә болу мен үшін үлкен мәртебе және мақтаныш", - деді Сиань мэрі орынбасарының міндетін атқарушы Лу Лай Шенг.

Естеріңізге сала кетейік, Сианьдағы сауда миссиясы аясында KazakhExport ұлттық экспорттық сақтандыру компаниясы және "Ухань Ханьоу" халықаралық логистикалық компаниясы (Wuhan Asia Europe Logistics Co.) ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Тараптар қазақстандық өнімді Қытай нарығына ілгерілету жөніндегі іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыруға келісті.

"Ухань Ханьоу" меморандумына сәйкес қазақстандық өнімді импорттайды және оны Хубэй провинциясы мен Қытайдың сауда желілерінде, тақырыптық бөлімдер арқылы, қазақ ұлттық стилінде мамандандырылған стендтер орната отырып сататын болады.

Сонымен қатар, Сианьға іскерлік сапар барысында қазақстандық экспорттаушылар үш күн ішінде Қытайдың өндірістік кәсіпорындарына барып, тәжірибе алмасып, ынтымақтастық үшін ортақ мүдделерді анықтай алды. Бұл QazTrade Қытай аумағында офлайн форматта жүргізіп жатқан пандемиядан кейінгі алғашқы сауда-экономикалық миссия.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.