Қазақстандық дәрігерлер коронавируспен ауырған адамдарға қымыз бен шұбат ішуге кеңес береді
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қаласының штаттан тыс бас пульмонологы Сәуле Қасенова коронавирус ауруынан кейін науқастардың қалпына келуі үшін қымыз бен шұбат ішуге кеңес берді.
«Біз қымыз, шұбат сияқты ұлттық сусындарымыздың өте керемет емдік қасиеттері бар екенін білеміз. Егер науқастарда панкреатит немесе асқазан-ішек жолдарының қандай да бір аурулары болмаса, аталған сусындарды іше алады. Себебі мұнда дәрумендер мен минералдар өте көп, адам ағзасын қалпына келтіруге көмектеседі», - деді профессор Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сәуле Касенова коронавирус инфекциясы - бұл үлкен иммундық стресс, сондықтан адам сауығуы үшін осы сусындарды ішуге кеңес береді. Сондай-ақ, ол өкпені тазартуға көмектесетін түрлі шөптер мен тұнбаларды ішу керектігін айтты, мысалы өгейшөп, пармелия, мия тамыры және басқа да шөптер.
Пульмонолог түсіндіріп айтқандай, коронавирустан емделу кезінде тыныс алу мүшелерін қалпына келтіру ең маңызды іс болып табылады. Осы кезеңде дәрігерлер науқастарға тыныс алу жаттығуларын жасауды ұсынады.
«Бұл өкпенің тыныс алуына арналған қарапайым тыныс алу жаттығулары. Бұл жаттығуларды үйде үнемі жасап тұру керек, өкпе тыныс алу үшін 15-20 минуттан күніне үш рет істеу қажет», - деді Сәуле Қасенова.