Ақтөбеде АНК-нан несие алу кезінде 1 млрд теңге ұрланған
«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ІҚМ сатып алу кезінде Ақтөбе облысында 970 млн теңге ұрланған. Алаяқтық фактілері Аграрлық несие корпорациясының филиалынан несие қаражатын алу кезінде анықталды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, ElDala.kz хабарлайды.
«Тергеу барысында жалған құжаттарды пайдалана отырып, жалған тұлғаларға ресімделген шаруа қожалықтарының атынан асыл тұқымды ІҚМ сатып алуға бөлінген кредиттік қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған үш адам анықталды. Құқыққа қайшы әрекеттермен мемлекетке жалпы сомасы 970 млн теңгеге аса ірі мөлшерде залал келтірілді», - деп хабарлады ҚМА.
Ведомствоның мәліметінше, үш күдікті қамауға алынды. Сондай-ақ күдіктілердің 260 млн теңгеге жуық сомаға жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды.