«Бәйтерек» несиені ұзартады және зардап шеккен фермерлердің айыппұлдарын есептен шығарады
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ осы жылы қолайсыз ауа-райына байланысты зардап шеккен қарыз алушылар мен лизинг алушылардан міндеттемелерді қайта құрылымдауға өтінімдер қабылдайды. Қарауға 884 ауыл шаруашылығы өндірушілерінен 42,5 млрд теңге сомаға өтінімдер келіп түсті. Бұл туралы «Бәйтерек» холдингінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, ElDala.kz хабарлады.
Холдингтің мәліметінше, қазіргі уақытта 27 млрд теңгеге 675 өтінім мақұлданды.
АНК және ҚАҚ филиалдарының қызметкерлері осы мәселелер бойынша кеңес береді, өтініш берушінің нақты жағдайын талдауды ескере отырып, міндеттемелерді ұзартуға өтінімдерді жеке тәртіппен қабылдайды және қарайды.
Бұдан басқа, қазір АНК және ҚАҚ қарыз және қаржы лизингі шарттары бойынша ақшалай міндеттемелерді уақтылы орындамағаны үшін 100% мөлшерінде тұрақсыздық айыбын есептен шығару науқаны жүргізілуде. Қазіргі уақытта 1,4 мың қарыз алушы үшін 82 млн теңгеге жуық сомаға тұрақсыздық айыбы есептен шығарылды.
Сондай-ақ, биылғы жылы өсімдік шаруашылығында ерікті сақтандыру шарттарын жасасқан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер құрғақшылық пен жауын-шашынның салдарынан шамамен 3,8 млрд теңгеге сақтандыру төлемдерін алды.
«Фермерлер үшін сақтандыру өнімдерінің қолжетімділігі сақтандыру сыйлықақысы сомасының 80% субсидиялаумен қамтамасыз етіледі (АНК субсидиялау жөніндегі оператор болып табылады)», - деп атап өтті баспасөз қызметі.