Шығыс Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға бюджеттен 4,7 млрд теңге бөлінеді
Шығыс Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытуға 2026 жылы 4,776 млрд теңге бюджет қаражаты көзделген. Жыл басында қаржыландырудың негізгі бөлігі 2024-2025 жылдардағы субсидиялар бойынша берешекті өтеуге бағытталды. Қосымша бөлінген 3,9 млрд теңге жинақталған берешекті толығымен өтеуге мүмкіндік берді. Бұл туралы өңірдің Ауыл шаруашылығы басқармасынан хабарлады.
«Бұдан әрі жұмыстың басым бағыттары бордақылау алаңдарының жүктемесін арттыру, сүт пен жұмыртқаның өнеркәсіптік өндірісінің үлесін ұлғайту, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, саланың жеке қосалқы шаруашылықтарға тәуелділігін төмендету және мемлекеттік қолдауды пайдалану тиімділігін арттыру болып қала береді», - деп атап өтті ведомствода.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының мал шаруашылығы көрсеткіштері өсті. Сүт және ет өндірісінің өсуін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларының негізгі түрлерінің санын ұлғайтуды қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы құрылымдары дамудың негізгі драйверлері болып табылады.
1 шілдеге шаруашылықтардың барлық санаттарындағы ірі қара малдың саны 432,9 мың басты құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің деңгейінен 2,2%-ға жоғары. Жалпы табында сүтті-етті бағыттағы ІҚМ басым: 291 мың бас. Сондай-ақ, өңірде 116,4 мың бас сүтті бағыттағы ІҚМ және етті бағыттағы 25,6 мың бас бар.
Ұсақ мал басы 667,2 мың басты құрап, өткен жылдың деңгейінде сақталған (+0,1%). Бұл ретте қой саны 0,4%-ға өсті.
Ең жоғары өсім жылқылар бойынша байқалады — 254,4 мың бас немесе өткен жылдың деңгейіне қарағанда 4,9%-ға артық.
Шошқалардың саны 1,2%-ға, 24,8 мың басқа дейін өсті, мал басының өсуі ауыл шаруашылығы құрылымдарымен қамтамасыз етілді.
Құстардың саны 3,86 млн басты құрады, бұл өткен жылдың деңгейіне сәйкес келеді.
Өңірдегі асыл тұқымды ІҚМ үлесі 10% - 43,5 мың басты құрайды. Асыл тұқымды қойлардың саны 64,1 мың бас (11,5%), асыл тұқымды жылқылардың саны — 4,1 мың бас (1,6%), асыл тұқымды шошқалардың саны — 1,2 мың бас (4,3%).