АӨК-те қайта өңдеу 2024 жылы 40%-ға дейін ұлғайтылады
Қазақстанда 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнеркәсібін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі іс-шаралардың Кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Ағымдағы жылы АӨК-дегі қайта өңдеу үлесін 40%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, ElDala.kz хабарлады.
«Біздің міндетіміз - наурыз айында мәре сызығына шығу. 2024 жылға арналған Кешенді жоспарда қайта өңдеу үлесін 40%-ға жеткізу міндеті тұр, бұл өте маңызды индикатор», - деді Үкіметтегі кеңесте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.
Үкіметтің мәліметінше, 2028 жылға қарай АӨК саласындағы өнімді қайта өңдеу көлемін 70%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Ол үшін Кешенді жоспарда Бәйтерек холдингі мен Halyk Bank қаржы институттары арқылы жеңілдетілген несиелеуге жататын жобалар пулы қалыптастырылады. Бұл жобалар негізінен сүт-тауар фермаларын, көкөніс қоймаларын салуға, мал шаруашылығын дамытуға, астық, ет, жемістер мен көкөністерді суару, өңдеу жобаларына бағытталған. Сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау құралдарын қолдануды ескере отырып, қарыз алушы - АӨК субъектісі үшін түпкілікті мөлшерлеме - жылдық 6%-дан аспайды.
«Барлық процедуралық сәттерді мүмкіндігінше тезірек аяқтап, қаржыландыруды бастау қажет. Екінші деңгейдегі банк тарапынан өз жобалар пулы қалыптастырылды, кейбіреулері қаржыландыруды алды. Пулға қосылатын басқа да әлеуетті жобалар бар. Тағы бір маңызды мәселе - екінші деңгейдегі банк ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көктемгі егіс жұмыстарына қаражат бөлуге дайын. Оны әкімдіктермен мүмкіндігінше тезірек пысықтау қажет», - деді вице-премьер.
Жұманғарин АШМ-ге мүдделі мемлекеттік органдармен Кешенді жоспар бойынша рәсімдік мәселелерді жедел шешуді және өңірлердің әкімдіктерімен пулдан жобаларды пысықтауға кірісуді тапсырды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков хабарлағандай, жоспардың негізгі бағыттары - ауыл шаруашылығы өндірушілерін өңдеуге тапсыратын ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялау арқылы қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету, жеңілдікті несиелер беру және сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау есебінен өндірістің рентабельділігін арттыру, қорғау шараларын қолдану арқылы ішкі нарықта отандық қайта өңделген өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру үшін жаңа нарықтар ашу.
«Қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, бастапқы өндірістен неғұрлым жоғары қайта бөлу өнімдерін шығаруға көшу жөніндегі міндеттерді шешу үшін мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы өнімдерін терең қайта өңдеуді дамытуға инвестициялар белсенді тартылатын болады. Қайта өңдеудің барлық бағыттары бойынша: кәсіпорындарды арзан және сапалы шикізатпен қамтамасыз ету, технологиялық жабдықтарды жаңғырту, қолда бар қуаттарды тиеу және қайта өңдеу кәсіпорындарының қосымша қуаттарын құру, сондай-ақ өткізу нарықтарын қамтамасыз ету бойынша елеулі мемлекеттік қолдау қажет», - деп атап өтті Тасжүреков.
«Атамекен» ҰКП өкілі Ербол Есенеев бизнес тарапынан қаржыландыру болған жағдайда Кешенді жоспар жобаларын іске асыруға қатысуға дайын екендігін атап өтті.