Қазақстан Үрімшіде сауда өкілдігін ашады
Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 31,5 млрд долларға жетті, оның ішінде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының (ШҰАА) үлесіне 64%-дан астам немесе 20,3 млрд доллар келеді. Елдер арасындағы экспорттық-импорттық операциялар серпінді өсуді көрсетеді, сондықтан Қазақстан Үрімшіде сауда өкілдігін ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ҚКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, ШҰАА парткомының хатшысы Ма Синжуймен және ШҰАА басшысы Эркин Туниязбен кездесті. Ол таяу жылдары Қазақстан мен Қытай сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту, бизнес үшін, оның ішінде кедендік ресімдеу және өнім сапасының стандарттарын өзара тану саласындағы жағдайларды жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастыратынын атап өтті.
«Қазақстандық бизнес Қытай нарығына өнім жеткізуге көбірек қызығушылық танытуда. Біз ҚХР-да отандық тауарларға қол жеткізу мәселелерін шешуде ШҰАА басшылығының қолдауын жоғары бағалаймыз», - деп атап өтті Арман Шаққалиев.
Оның айтуынша, отандық өндірушілер алдағы екі жылда экспортқа 250 мың тоннадан астам өсімдік майы мен басқа да өнімдерді жіберуге дайын.
Әңгімелесушілер жыл сайынғы Қытай-Еуразия ЭКСПО көрмесін өткізуге дайындықты және Үрімші қаласында қазақстандық сауда өкілдігінің ашылуын талқылады.
«Біздің елдеріміз арасындағы сауданы ұлғайту үшін Мемлекет басшысы Үрімшіде Сауда өкілдігін ашуды тапсырды. Министрлікке қарасты QazTrade ұйымы осы өкілдіктің қызметімен айналысатын болады. Болашақта ол біздің өндірушілер мен өнімді сатып алуға мүдделі ШҰАА компаниялары арасында жолсерік болады», - деді сауда министрі.
QazTrade экспорттық операторы Қытай нарығында қазақстандық өнімнің әлеуетті импорттаушыларын іздеумен айналысады, Қазақстанмен экспорттық-импорттық қатынастар мәселелері бойынша ҚХР іскер топтарымен келіссөздер жүргізеді, сондай-ақ бизнес-миссиялар жүргізеді, халықаралық көрмелерге және басқа да іс-шараларға қатысуды қамтамасыз етеді. Сауда өкілдігін құру экспорттық-импорттық операцияларды жеделдетеді және екі елдің кәсіпкерлері арасында үздіксіз ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.
Үрімшіде Қазақстанның сауда өкілдігінің ашылу рәсімін Арман Шакқалиев Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шілде айындағы отырысы аясында өткізуді ұсынды.
Сонымен қатар, тараптар бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды талқылады. Атап айтқанда, Қазақстандық бизнес бордақылау алаңдарын салуға, ет өңдеу, астық өнімдерін қайта өңдеу бойынша жобалар жасауға, сондай-ақ инфрақұрылым салуға қытайлық инвестицияларға мүдделі.
Өз кезегінде Ма Синжуй Үрімші қаласында өтетін Қытай-Еуразия көрмесі аясында ағымдағы жылдың маусым айында өтетін Қазақстан мен Қытай шекаралас ынтымақтастығының III форумын жариялады.