Үкімет форвардтық сатып алуды 30 млрд теңгеге ұлғайтуды жоспарлап отыр
Ағымдағы жылы форвардтық сатып алу бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен 40 млрд теңге бөлінді. Бірақ АӨК-дегі қазіргі қаржылық жағдайды ескере отырып, Үкімет форвардтық сатып алуға қосымша 30 млрд теңге бөлу мәселесін пысықтайды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Сенат депутаттарының сұрауына жауап бере отырып хабарлады.
Вице-премьер Үкімет өткен маусымда ауа-райының қолайсыздығынан зардап шеккен фермерлерді қолдау үшін қажетті шараларды қабылдағанын атап өтті. Субсидияларға қажеттілікті жабуға қосымша қаражат бөлінді, айыппұл санкцияларын қолданбай кредиттік міндеттемелерді ұзарту жүзеге асырылды, астықты тікелей сатып алу және т.б. жүзеге асырылды. «Кең-дала» бағдарламасы бойынша егіс жұмыстарын қаржыландыруға 140 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ форвардтық сатып алуды 30 млрд теңгеге ұлғайту жоспарлануда.
Азық-түлік корпорациясының қатысуымен үшжақты форвардтық сатып алуды іске асыруға тағы 4 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Бағдарлама өңдеу зауытынан күнбағыс майын сатып алуды көздейді. Бұл ретте күнбағыс жеткізгені үшін фермерлерді одан әрі баламалы аванстау үшін өңдеуші кәсіпорынға алдын ала төлем жүзеге асырылады. Күзде күнбағыс жеткізілгеннен кейін фермерге бірдей төлем жасалады, ал өңдеу зауытына күнбағыс құны мен алдын ала төлем арасындағы айырмашылық қосымша төленеді. Күнбағыс майын жеткізу Азық-түлік корпорациясының өтінімі бойынша үш жақты форвардтық сатып алу кестесі бойынша жүзеге асырылатын болады.
«Күнбағыс пен күнбағыс майын сатып алу бағасы үшжақты форвардтық шарт жасасу сәтінде белгіленеді. Шикізат пен түпкілікті өнімге бағаны белгілей отырып, үш жақты форвардтық сатып алу ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің, сақтаудың және өткізудің толыққанды желісін құруға, сондай-ақ бағаның өсуін тежеуге бағытталған», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.