Қазақстанның фермерлеріне 114,7 млрд теңгеге субсидия төленді
Жыл басынан бері Қазақстан фермерлері субсидия алуға 45,5 мың өтінім берді, оның ішінде 114,7 млрд теңге сомаға 20,7 мыңы мақұлданды. Қалған өтінімдер өңірлердің ауыл шаруашылығы басқармаларының қарауында. Өтінімдердің жалпы көлемінің 25%-ы ірі кәсіпорындардың үлесіне тиесілі, деп хабарлады ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік ақпараттық субсидиялау жүйесінде 90 мың белсенді қолданушы тіркелген. Мемлекеттік қолдау 14 бағыт бойынша көрсетіледі.
«Мемлекеттік жүйенің іске қосылуы фермерлерді мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды 19%-дан 32,2%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Шағын және орта фермерлік шаруашылықтар арасында мемлекеттік қолдау алушылар саны артып келеді, мақұлданған өтінімдердің тек 25%-ы ірі заңды тұлғалардың үлесіне тиесілі», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігінде.
Елімізде барлығы 270 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушілері тіркелген, олардың 18 мыңнан астамы - ірі заңды тұлғалар, қалғандары - шағын және орта шаруа, фермер қожалықтары.
Сондай-ақ, ӘҚБМАЖ-де егіс алқабында субсидия төлеуден басқа, арзандатылған дизель отынын егіс, егін жинау жұмыстарына және астықты кептіруге бөлу қызметі қарастырылған. Дизель отынының қалдықтарын бөлу, жеткізу, есепке алудың барлық процестері автоматтандырылған.