Қазақстанда дала жұмыстарын қаржыландыру 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылады
Қазақстанда көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу көлемі биыл екі еседен астам ұлғайып, 580 млрд теңгеге жетті. Таяу болашақта бұл көрсеткішті 1 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин хабарлады.
«Сыйақы мөлшерлемелерін төмендету «Бәйтерек» холдингінің коммерциялық қаражатты тарту кезеңінде жүзеге асырылды. Соның арқасында фермерлер бірден арзанырақ несие алады. Келесі жылы ұқсастық бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін өңдеуші кәсіпорындарды жеңілдікпен қаржыландыру қолға алынады. Келесі жылдан бастап агроөнеркәсіп кешенін жеңілдетілген қаржыландыруға екінші деңгейлі банктер тартылған кезде де осындай тетік қолданылады», - деді Серік Жұманғарин.
Ол мемлекет басшысының минералды тыңайтқыштарды енгізуді 1,9 млн тоннаға дейін және ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту қарқынын осы тетік есебінен 8-10%-ға дейін ұлғайту жөніндегі міндеттерін ескере отырып, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылатынын нақтылады.
Бұдан басқа, инвестициялық жобаларға жеңілдікпен несие беру көлемін 800 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.
Сонымен қатар, ҚР Президенті фермерлерді субсидиялаудан жеңілдетілген несиелеуге біртіндеп көшу міндетін қойды.
«Ол үшін нақты іс-шаралар мен мерзімдері бар жол картасы бекітілді. Жалпы, тауарлық-спецификалық субсидиялардан жеңілдетілген несиелеуге толық көшу экономиканы ырықтандыру туралы жарлықта көзделген және 2028 жылдың соңына дейін қамтамасыз етілетін болады», - деп қорытындылады Серік Жұманғарин.