АӨК субсидиялау толығымен Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтеді
ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Үкімет ауыл шаруашылығын қаржыландыру тәсілдерін өзгертеді. Жеңілдікті несиелеу мен ауыл шаруашылығы техникасының лизингі өскен кезде саланы субсидиялау қағидалары өзгеретін болады. Бұл мәселе бүгін Үкіметте агробизнестің қатысуымен талқыланды, деп хабарлады министрлер кабинетінің баспасөз қызметі.
«Субсидиялау мәселелері толығымен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеледі. Осылайша, фермер субсидияларды ресімдеу бойынша артық әуре-сарсаңнан босатылады», - деп хабарлады Үкіметте.
Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап аграрийлер қаржы институттарынан арзандатылған несиелерді тікелей ала алады.
Сондай-ақ, кеңесте ағымдағы жылдың наурыз айында отандық тыңайтқыштарды сатып алуға аванстық субсидиялау тетігі енгізілгені атап өтілді. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінгі таңда топыраққа 1,2 млн тонна тыңайтқыш енгізілді, бұл өткен жылғы деңгейден екі есе көп. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жерлерінің тозуын азайту жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, әкімдіктер 2025 жылы тыңайтқыштар енгізу көлемін 1,9 млн тоннаға дейін жеткізуі қажет.
Тұқым шаруашылығы саласы да өзгерістерді күтуде. Үкімет импортталған тұқым материалын, әсіресе көкөніс, жеміс-жидек және бақша дақылдарын пайдалануды азайту қажеттігін мәлімдеді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне селекция және тұқым шаруашылығы жүйесін сапалы дамыта отырып, осы мәселемен айналысу тапсырылды.
Сондай-ақ, отандық тұқым өндірушілердің пайдасына субсидиялау тетігін қайта қарау қажеттілігі көрсетілген.