Қазақстанда егісті қаржыландыру 29 қарашада басталады
2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру Қазақстанда 700 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Несие беру қараша айының соңында басталады, деп хабарлады бүгін Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
«Ағымдағы жылдың желтоқсан айында қаржыландыруды бастау туралы Президенттің тапсырмасын орындау үшін Үкімет қаулысының жобасы әзірленді, ол осы отырыстың қарауына шығарылды. Бұл шешімді күтпестен Аграрлық несие корпорациясы 29 қарашадан бастап 100 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды бастайды. Қазіргі уақытта 500-ден астам ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өтінімдер келіп түсті», - деді Азат Сұлтанов.
Қаражат фермерлерге екінші деңгейлі банктер, несиелік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және Аграрлық несие корпорациясы арқылы қол жетімді болады. Бұл ретте, Азат Сұлтанов атап өткендей, барлық өңірлердің ӘКК бағдарламасына қатысу қажет, өйткені 2024 жылы қаржыландыруға тек 7 ӘКК қатысты.
Саланы «ұзақ» және қолжетімді кредиттік ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында жеңілдікті несиелеуге көшумен фермерлердің несиелерін субсидиялау жүйесі қайта қаралатын болады. Бұл бюджет қаражаты болмаған кезде туындайтын агробизнес үшін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.