ҚТЖ терминалдық желіні кеңейтеді

ҚТЖ биыл ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастырды. 1400 шақырымнан астам жол жаңартылды, 1 мың шақырымнан астам жаңа темір жол салынды (Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал, Алматы бекетінің айналма жолы). Достық – Мойынты учаскесіндегі екінші жолдарды және Алматыны айналып өтетін теміржол желісін 2025 жылы аяқтау жоспарлануда. Инфрақұрылымдық жобалар іске қосылғаннан кейін транзиттің екі есеге - жылына 55 млн тоннаға дейін ұлғаюы болжануда, деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.

«Қазақстандық дәліздерге жүк ағындарын тарту үшін ұлттық компания терминалдық желіні кеңейтеді. Алдағы екі жылда қолданыстағы бес терминалға (Ляньюньган порты, Сиань қаласындағы Құрғақ порт, Достық бекетіндегі терминал, Khorgos Gateway құрғақ порты, Құрық портындағы паром кешені) тағы тоғызы қосылады. Ағымдағы жылы Алматыда, Әзірбайжанның Алят теңіз портында, Венгрия астанасы – Будапештте, Мәскеу маңындағы Селятино кентінде терминалдар құрылысы басталды. Қытайлық серіктес – Ляньюньган портымен бірлесіп, Ақтау портында контейнерлік хабтың құрылысы басталды», - деп хабарлады ҚТЖ.

Компанияның мәліметінше, 2024 жылы іске қосылған Сиань құрғақ портындағы Қазақстан-Қытай терминалы Транскаспий бағыты бойынша Қытайдан транзитті 30 есеге арттыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, Сингапурдың PSA-мен бірлесіп әзірленген үздіксіз цифрлық дәліз Қазақстанның бұл бағыттағы рөлін күшейтеді. Жүк тасымалы саласындағы клиенттік сервисті толық цифрландыруды «Бірыңғай цифрлық терезе» қамтамасыз етті, онда ҚТЖ компанияның еншілес кәсіпорындарының барлық коммерциялық қызметтерін біріктірді. Жүйе уақытты үнемдейді және тасымалдау процесін мүмкіндігінше ашық етеді.

Ағымдағы жылы ҚТЖ желісі бойынша жүк айналымы 272 млрд тонна-километрді құрады. Контейнерлік транзит сенімді қарқынмен өсуде, ол 1,4 млн ЖФЭ-ге жетті. Биыл ҚХР-мен тасымалдау жоспары мерзімінен бұрын орындалды. Қазақстан-Қытай торабтары арқылы тасымалдау көлемі шамамен 31,8 млн тоннаға жетті, бұл 2023 жылдан 12%-ға артық. Оның ішінде, Қазақстаннан экспорт 8,8%-ға артып, 13,7 млн тоннаны құрады.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.