ЕАДБ мен ЦКБ Қазақстанның АӨК жобаларын бірлесіп қаржыландырады

Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) және ЦентрКредит банкі (ЦКБ) Қазақстан аумағында іске асырылатын инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру үшін ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық шеңберінде энергетика, көлік және инфрақұрылым, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы инвестициялық жобалар қаралатын болады, деп хабарлады ЕАДБ баспасөз қызметі.

«Меморандумға қол қою ЕАДБ мен ЦКБ-ның энергетика және Қазақстан экономикасының басқа да салаларындағы маңызды инвестициялық жобалар бойынша ынтымақтастығы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл Банкке қатысушы мемлекеттердің нарықтық экономикасын дамытуға, олардың орнықты экономикалық өсуіне және инвестициялық қызметті жүзеге асыру есебінен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге жәрдемдесуден тұратын ЕАДБ миссиясына сәйкес келеді», — деді ЕАДБ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов.

Еуразиялық даму банкі еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызметті жүзеге асырады. ЕАДБ жарғылық капиталы 7 млрд долларды құрайды. Банк портфеліндегі негізгі үлесті көлік инфрақұрылымы, цифрлық жүйелер, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау, сондай-ақ су-энергетика кешені салаларындағы интеграциялық әсері бар жобалар алады. Өз қызметінде ЕАДБ БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын және ESG қағидаттарын басшылыққа алады.

ЦентрКредит банкі Қазақстанның банк жүйесі көшбасшыларының бірі болып табылады, 1988 жылдан бері жұмыс істейді. ЦКБ 20 филиалда және 150-ден астам бөлімшеде 3 миллионнан астам жеке тұлғалар мен бизнес-клиенттерге қызмет көрсетеді.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.