11:23 Қазақстан

БҚО-да аграрлық несие мен субсидияға сауда үйі мен сауна салынды

Батыс Қазақстан облысындағы кредиттік серіктестіктің басшысы АӨК дамытуға бөлінген 150,7 млн теңгені жымқырды деп айыпталуда. Бұл қаражат ІҚМ сатып алуға жеңілдікті несие және субсидиялар түрінде алынды, бұл ретте іс жүзінде мал сатып алынбады. Бұл туралы ҚМА баспасөз қызметі хабарлады.

«Күдікті бақылаудағы шаруа қожалығына «Агробизнес» несиелеу бағдарламасы бойынша 126,7 млн теңге сомаға жеңілдікті несиелерді заңсыз ресімдеді. Кейіннен кредиттік ақшалай қаражат ШҚ шотынан ірі қара малды нақты сатып алмай-ақ қолма-қол ақшаға алынды», - деп ҚМА хабарлады.

Сонымен қатар, ведомствоның мәліметінше, АШЖС деректер қорына жоқ мал басы туралы жалған ақпарат енгізу арқылы ол «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» ұлттық жобасы аясында бөлінген 24 млн теңге көлемінде субсидияны заңсыз алған.

Субсидия алудың заңдылығын растау үшін күдікті басқа шаруа қожалықтарынан асыл тұқымды сиырларды сатып алу туралы жалған құжаттарды ұсынды.

Қылмыстық кірістерге күдікті сауда үйі мен сауна салған жер телімдерін сатып алды, оны жасыру үшін ол мүлікті туысының атына рәсімдеген.

Сот санкциясымен оның жалпы құны 198 млн теңгені құрайтын мүлкі тәркіленді: екі жер телімі, сауда орталығы, сауна, Exeed LX автокөлігі.

Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.