Олжас Бектенов АӨК-ті несиелендірудің жаңа тетіктері туралы айтты
Қазақстанда жаңа несиелеу бағдарламалары арқылы аграрийлерді қаржыландыру кеңеюде. Бұл ретте Үкімет өткен жылдардағы субсидиялар бойынша берешекті өтеуге қаражат бөлу тетігін пысықтауда. Бұл туралы ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сұрауына жауап бере отырып хабарлады.
«Мемлекет басшысының тікелей субсидиялаудан қолжетімді несиелеу құралдарына кезең-кезеңімен көшу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін ағымдағы жылы аграрлық секторды қаржыландырудың жаңа нысандары енгізілуде. Негізгі құрал нысаналы инвестициялық несиелерді жылдық 12,6%-бен беру болады, бұл Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінен едәуір төмен. Шара саланың тұрақтылығын арттыруға және жыл сайынғы бюджеттік субсидиялауға тәуелділікті төмендетуге бағытталған», - деді Олжас Бектенов.
Ол кепіл саясатын жетілдіру үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кепілдіктер беру тетігі қолданылатынын еске салды.
Фермерлер алдындағы субсидиялар бойынша қарыздарға қатысты Олжас Бектенов заңнамаға сәйкес мақұлданған өтінімдер міндетті түрде төленетінін атап өтті.
«Берешектің одан әрі жинақталуына жол бермеу мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін қайта бөлудің ағымдағы бюджеттік қаражаты есебінен оны өтеу мәселесін пысықтайды», - деп премьер-министр хабарлады.
Сондай-ақ, ол агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру көлемін ұлғайту үшін жалпы далалық жұмыстарды қолдау, жеңілдікті лизинг және қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын толықтыру тәсілдері қайта қаралғанын хабарлады. Атап айтқанда, екінші деңгейдегі банктерді, өңірлік инвестициялық орталықтарды, микроқаржы ұйымдарын, кредиттік серіктестіктерді және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тарта отырып, Аграрлық кредиттік корпорация арқылы қаржыландыру арналары кеңейтілді.
Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетігі енгізілді, бұл фермерлерге жылдық 5%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша несие беруге мүмкіндік береді.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау бағдарламасын іске асыру жалғасуда. 2025 жылы бұл мақсаттарға 200 млрд теңге көзделген, оның шеңберінде 141 инвестициялық жобаны қаржыландыру жоспарлануда.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді осы бағдарламаның шараларымен қамтуды кеңейту үшін өткен жылы инвестициялық бағыттардың тізбесі 4-тен 13-ке дейін кеңейтілді. Бұл тәсіл фермерлерге ұзақ мерзімді инвестицияларды сенімді түрде жоспарлауға және өз жобаларын тұрақты қаржылық жағдайда дамытуға мүмкіндік береді. Агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруға қолжетімділікті қосымша кеңейту мақсатында қаржы институттарын айналым қаражатын сатып алуға тікелей субсидиялау тетігін енгізу көзделген», - деді Олжас Бектенов.