Кеше Қазақстан

Қазақстан ФАО-ға агроинновациялар бойынша платформа құруды ұсынды

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) конференциясының 44-ші сессиясы кезінде Орталық Азияда агроинновациялар жөніндегі ФАО-ның өңірлік платформасын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Айдарбек Сапаров Қазақстан озық шешімдерді енгізу үшін пилоттық ел болуға дайын екенін айтты:

«Бізде барлық қажетті жағдайлар – ресурстар, инфрақұрылым, ғылыми әлеует бар. Біз ФАО-мен бірлесіп ынтымақтасуға, тәжірибе алмасуға және үздік тәжірибелерді енгізуге дайынбыз», - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.

Ол сондай-ақ Қазақстанның тұрақты және инновациялық ауыл шаруашылығы саласындағы аграрлық саясатының басым бағыттарын ұсынды. Атап айтқанда, аграрлық секторды цифрландыру бағыты шеңберінде 200 млн гектардан астам алқапта ауыл шаруашылығы алқаптарының цифрлық карталары құрылды.

Елімізде ылғал үнемдеу технологияларын қолдану көлемі 470,1 мың гектарға жетті. Суды үнемдеуді ынталандыратын инвестициялық субсидиялар мен тарифтер әзірленуде. Көміртекті егіншілік тәсілдері ілгерілеуде, сондай-ақ «Топырақты қорғау туралы» заң бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ, сессия алаңында Айдарбек Сапаров ФАО-ның бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті. Тараптар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын, жердің тозуына қарсы күресті және аграрлық сектордың өнімділігін арттыруды талқылады.

«Жерді сақтау және ұтымды пайдалану үйлестірілген ішкі күш-жігерді де, халықаралық өзара әрекеттесуді де қажет етеді. Қазақстан көміртекті ауыл шаруашылығы қағидаттарын енгізіп, тиісті стратегиялық құжаттарды дайындауда», — деді министр.