300 мың фермер санақтан өтуге SMS-шақыру алады
2025 жылғы 1-31 тамыз аралығында Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жүргізілуде. Ақпараттық науқан аясында 300 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 1414 нөмірінен қатысуға шақырумен SMS-хабарлама алады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Санаққа қатысу үшін sanaq.gov.kz сайтында жүйеге кіріп, 2-АШӨ нысанын таңдап, сауалнаманы толтыру қажет.
«Санақ жүргізу елдегі ауыл шаруашылығы қызметі туралы толық және өзекті ақпаратты жинауға бағытталған. Алынған деректер аграрлық секторды қолдаудың тиімді шараларын әзірлеуге және оның тұрақты дамуына ықпал етуге мүмкіндік береді», - деп нақтылады бюрода.
Респонденттер ұсынатын барлық ақпарат қатаң құпия болып табылады, салық немесе басқа органдарға берілмейді және «Мемлекеттік статистика туралы» ҚР заңына сәйкес қорғалады.
«Бұл хабарламаға жауап берудің қажеті жоқ, ол тек ақпараттық мақсатта екенін ескеріңіз. Бюро қызметкерлері телефон соқпайды, код сұрамайды. Алаяқтардан сақ болыңыз!», - деп ескертті статистика агенттігінде.
Барлық сұрақтар бойынша 1446 нөмірі бойынша байланыс орталығына хабарласуға болады (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін).