Тоқаевқа мақта кластерін құру жобасы таныстырылды

Xinjiang Lihua компаниясы Қазақстанда толық өндірістік циклі бар тігінен интеграцияланған мақта-мата кластерінің жобасына 360 млн доллар инвестициялайды. Жобаның қалай жүзеге асырылатыны туралы компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихай Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде айтты.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, жоба импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетуге және ішкі нарықты бәсекеге қабілетті отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Xinjiang Lihua басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүгінде бірнеше нысан, соның ішінде екі мақта өңдеу зауыты қолданысқа берілгенін айтты. Таяу жылдары синтетикалық мата материалдарын, тоқыма және киім өндіретін нысандарды іске қосу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру арқылы мақта егістігін 52 гектарға дейін ұлғайтуға болады. Егін шаруашылығына цифрлық технологиялар мен тамшылатып суару секілді инновация пайдаланылады.

Мақта-мата кластерінің алғашқы кезеңінде 360 млн долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 4 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев кластер еліміздің оңтүстік өңірінде агроөнеркәсіп кешенін және жеңіл өнеркәсіпті дамыту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Президент су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдаланудың өзектілігіне назар аударды, сондай-ақ мақта өндірісінің шығынын ескере отырып, аталған салаға «ақылды» цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізуді құптады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға айрықша үлес қосқаны үшін Чжан Цихайды II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.