09:15 Қазақстан

Қытай Қазақстаннан салқындатылған ет импортын қарастыруда

Бүгінгі таңда Қытай Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерінің 34 түрін импорттауға келісті. Тағы тоғыз тауар позициясы, соның ішінде салқындатылған ет, келісу сатысында. Бұл туралы ҚР үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қарсаңында «Қытай–Еуразия» IX халықаралық көрмесінің алаңында ҚР премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚХР Мемлекеттік кеңесі премьер-министрінің орынбасары Дин Сюэсянмен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің сауда көлемі 2 млрд долларға жеткенін атап өтті. Ал жалпы елдер арасындағы өзара тауар айналымы 2025 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық 48,7 млрд долларға жетті. 2026 жылдың алғашқы бес айында сауда көлемі 22 млрд долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27%-ға артқанын атап өтті. Болжам бойынша, жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 50 млрд доллардан асады.

«Біздің басты міндетіміз – жақын арада 100 млрд доллар өзара тауар айналымына қол жеткізу. Ол үшін Қазақстан мен Қытайдың 2027-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастығының Бағдарламасы мен Жол картасын келісуді жеделдету қажет», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Инвестициялық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Тәуелсіздік жылдарында Қытай Қазақстан экономикасына шамамен 30 млрд доллар инвестиция салып, еліміздің ірі инвесторларының біріне айналды.

Серік Жұманғарин Қытай бизнесін қосылған құны жоғары өнімдерді жасауға бағытталған жобаларға қатысуға шақырды. Басым бағыттардың қатарында бидай мен жүгеріні қоса алғанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, толық циклді металлургиялық өндірістерді дамыту, сондай-ақ агрохимия және ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру саласындағы инновациялық жобаларды іске асыру бар.