Қазақстандық 200 компания Қытайға ауыл шаруашылық өнімдерін жіберетін болады
2021 жылдың басынан бастап ҚР АШМ-нің кепілдік беруімен тағы 200-ге жуық өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ҚХР-ға экспорттауға құқық алған кәсіпорындардың тізіліміне енгізілді. Қазіргі таңда барлығы 741 қазақстандық кәсіпорын аталған тізілімге кірген. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 2019 жылы ҚХР-ға қазақстандық ауыл шаруашылық өнімдерінің экспортын арттыру мақсатында Қазақстанның АШМ мен Қытайдың Бас кеден басқармасы өсімдік карантині саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сол құжаттың негізінде фитосанитарлық талаптар қарастырылған 10-ға жуық хаттамаларға қол қойылды.
Осы ынтымақтастық аясында бүгінгі күні 741 қазақстандық кәсіпорын Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар тізіліміне енгізілді.
«2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында соя, жоңышқа пішені, арпа, жүгері, бидай жемшөп ұны мен кебек, зығыр тұқымдарын және ұн өндірумен, өңдеумен айналысатын 195 кәсіпорын ҚР АШМ кепілдемесін алды.Сондай-ақ, қазіргі уақытта ҚР АШМ қазақстандық бұршақ, мақсары, жасымық, картоп, жем экспортын ашу үшін келіссөздер жасалуда», - деп хабарлады АШМ.
Тақырыпқа байланысты оқу: Есімов ҚХР шекарасындағы жүк вагондарының тұрып қалу мәселесін шешуге араласты
Сонымен қатар, бидайды Қытайға жіберу құқығына ие болған элеваторлар мен астық өңдеу зауыттарының тізімі жаңартылды. Аталған тізімге Ақмола облысынан-54, Қостанайдан-30, СҚО-дан-34,Павлодар облысынан-3 кәсіпорын кіреді.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың қараша айынан бастап COVID-19 пандемиясына байланысты карантиндік шаралардың күшеюінен ҚХР бағытында Қазақстаннан мыңдаған вагон жүктермен шекарада қозғалыссыз тұр. Ауыл шаруашылық өнімдері мен астық тиелген жабық сагондардың өтуі қиын болуда. Наурыз айының ортасына қарай Достық - Алашанькоу бағытындағы тұрған вагондардың саны 2 мың болды.