АШМ мал азығын елден шығаруға тыйым салу туралы бұйрықтың жобасын жариялады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілдеде үкіметке сыртқа азық шығаруға уақытша тыйым салу мәселесін жедел түрде қарауды талап етті. Тапсырманы орындау мақсатында алты ай мерзімге жем-шөп шығаруға тыйым салу қарастырылған бұйрық жобасы әзірленді. Аталған құжатпен «Ашық НҚА» сайтынан оқып танысуға болады, жобаны талқылау 6 тамызға дейін жалғасады.
«Осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес тізбе бойынша тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу талабы енгізілсін», - деп жазылды бұл құжатта.
Тақырыпқа байланысты оқу: Тоқаев сыртқа мал азығын шығаруға уақытша тыйым салды
Аталған бұйрық бойынша шөп, шабындық, сүрлем, сұлы мен қара бидай шығаруға тыйым салынады деп болжануда.
Тыйым салу бұйрыққа қол қойылғаннан кейін бірден күшіне енеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР аумағынан жем-шөпті әкетуге тыйым салу 15 тамыздан бастап өз күшіне енеді.
Биылғы жылы жемшөп дайындауды қолдау үшін үкімет резервінен мал азығын сатып алуға қосымша 20 млрд теңге бөлінеді. Азық-түлік корпорациясы осы қаражатқа шамамен 200 мың тонна жемшөп сатып алуды жоспарлап отыр.
Бұдан басқа, шабындықты жүргізуге арзандатылған бағамен қосымша көлемде ЖЖМ бөлінеді.
Бұл ретте «Байтерек» холдингіне аграршылардың жем-шөп дайындау техникасы мен қолайлы суару жүйелерін сатып алу үшін қосымша қаржыландыру тәсілдерін қарастыру тапсырылды.
Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан мал азығын дайындауды үйлестіретін республикалық штаб құрылды.