ҚР халал өнімдерін Парсы шығанағы елдері тануда
ҚР сауда министрлігінің Қазақстан стандарттау және метрология институты Халал өнімнің сәйкестігін растау жөніндегі органды (СРО) аккредиттеуге кірісті. Бұдан әрі СРО берген сертификаттар Таяу Шығыс және Парсы шығанағы елдерінде танылатын болады. Бұл туралы сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бағалаушылар ретінде Қазақстанға Біріккен Араб Әмірліктерінің халықаралық аккредиттеу орталығының өкілдері шақырылды.
Сауда министрлігі атап өткендей, Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдерінде халал сертификаттарын тану отандық өндірушілердің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстанда 2020 жылдан бастап өндірісте жаңа Халал стандарттарын әзірлеу және енгізу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс Араб Әмірліктері мен Түркияның стандарттау органдарымен ынтымақтастықта жүргізілді.
Өткен жылы KazBeef компаниясы Дубайға сиыр етін жеткізуді бастады. Ал "Первомайские деликатесы" компаниясы Катарға сиыр еті мен қой етін жөнелтуді жүзеге асырды.