Түркиялық Konuklar Bakliyat компаниясы Қазақстанда бұршақ тұқымдас дақылдарды өңдеуге $3 млн инвестиция салады
Түркиялық Konuklar Bakliyat компаниясы Қостанай облысында майлы және бұршақ дақылдарын өңдеу, тазарту және орау кәсіпорнын салу жобасын талқылап жатыр. Инвесторлар Қазақстанға жасаған сапары кезінде $3 млн-ға жуық инвестиция салу жоспарын талқылады. Бұл туралы KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы хабарлады.
«Аталған жобаны түрік елі ұсынуда. Инвесторлар жасыл және қызыл жасымық, ноқат, бұршақ, күнбағыс және т.б. өнімдерді өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл танымал түрік компаниясы өнімдерді тазартуға, орауға және орауға арналған кешен салуды жоспарлауда. Бұл компания Еуропа, Таяу Шығыста кеңінен танымал және тұрақты түрде өнімдерін экспортқа шығарады. Сондықтан бұл жоба табысты түрде өнімдерін біздің елден экспортқа шығаруы мүмкін», - деп мәлімдеді «KAZAKH INVEST» ҰК Қостанай облысындағы аймақтық директоры Абылай Молдағұлов.
Тақырыпқа байланысты оқу: Қостанай жерінде Европаға арналған «таза, табиғи» өнімдер өндіруде
Алғашқы кезде аталған жоба жылына 22 мың тонна өнімді өңдейтін болады. Сонымен қатар, инвестор өнімге және жоғары сапалы шикізатқа сұраныс жоғары болса, инвестицияларды арттырып, өндірісті кеңейтуге дайын.
Қостанай облысының басшылығымен болған кездесу барысында түрік инвесторлары жобаның шарттарын талқылады. Сондай-ақ, инвесторға елдегі ауыл шаруашылығын қолдау тәсілдері мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламалары жайлы толықтай айтылып, түсіндірілді.
Konuklar Bakliyat 1980 жылы құрылған компания. 1990 жылы өнімдерінің жоғары сапасының арқасында Түркиядағы жасыл жасымық пен ноқат өндіруші танымал кәсіпорындардың біріне айналды. 2002 жылы компания әлемдегі ең маңызды бұршақ порттарының бірі болып табылатын Мерсинде екінші филиалын ашты. Қазіргі уақытта компания жасымық, бұршақ, жүгері, бұлғыр және бидайды Еуропаға, Орталық Азияға, Солтүстік Африкаға және Таяу Шығысқа сатады.