Жетісуда чипсы өндіруге арналған картоптың алғашқы өнімі жиналуда

Жетісу облысында картоп жинау науқаны аяқталуға жақын, бүгінде алқаптардың 73 пайызынан өнім жиналды. Сонымен қатар өңірде чипсы өндіруге арналған картоп сорттарын өсіру қолға алынды. Шаруашылықтар алғашқы тәжірибені оң бағаланып отыр, деп облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа жұмыс форматын Көксу ауданындағы «Кеңдала» шаруа қожалығы таңдаған. Картоптың чипсыға арналған сорттарымен жұмыс істеудің ерекшелігі – өнім қоймада ұзақ сақталмайды, ал оны өткізу бағыты егін жинау басталғанға дейін анықталады. Жиналған өнім күн сайын чипсы өндіретін кәсіпорынға жөнелтіледі. Биыл шаруашылықта картоп егуге 33 гектар жер бөлінген. Қазіргі таңда өнімділік гектарына 23–25 тоннаны құрап отыр.

«Өнеркәсіптік өңдеуге арналған картоптың тікелей тағам ретінде тұтынуға арналған асханалық картоптан айырмашылығы бар. Оны өсіру мен суару технологиясы өзгеше. Атап айтқанда, чипсы өндіру үшін құрамында құрғақ зат мөлшері жоғары картоп қажет. Соның арқасында өңдеуден кейін сапалы чипсы алынады: тілімдер пішінін сақтайды, майды аз сіңіреді және өзіне тән қытырлақ құрылымға ие болады. Осыған байланысты біз «ВР 808» орташа ерте пісетін сортын таңдадық. Оның түйнектері домалақ-сопақ пішінді, қабығы мен жұмсағы сары түсті, орташа салмағы 80–109 граммды құрайды. Құрғақ зат мөлшері – 21–25%, сақталу көрсеткіші 95 пайызға дейін жетеді. Алайда бұл жағдайда өнімді ұзақ уақыт сақтау қажет емес: күн сайын 20–25 тонна өнім алып, бірден өңдеуге жіберіп отырамыз», – деді «Кеңдала» ШҚ басшысының орынбасары Таймыр Маматаев.

Биылғы өнімділікті ескере отырып, шаруашылықта чипсыға арналған картоп өсірудің алғашқы тәжірибесіне оң баға беріп отыр. Келесі жылы аталған сорттың егіс алқабын шамамен 80 гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Жалпы, «Кеңдала» шаруа қожалығы 300 гектарға жуық жерді өңдейді. Мұнда картоптан бөлек қант қызылшасы, жүгері, күнбағыс, жоңышқа және басқа да жемдік дақылдар өсіріледі.

Жалпы Жетісу облысында биыл жеке қосалқы шаруашылықтарды қоса алғанда, картоп егуге 6,5 мың гектар жер бөлінді. Бүгінде 4,6 мың гектар алқаптағы өнім жиналды. Жалпы өнім көлемі 125,5 мың тоннаға жетіп, орташа өнімділік гектарына 222,6 центнерді құрады.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.