Кеше Астық

Азық-түлік корпорациясы 350 мың тонна астық экспорттауды жоспарлап отыр

Азық-түлік корпорациясы 2025 жылы 350 мың тонна астық экспорттауды жоспарлап отыр. Ұлттық компания өкілдері жаңа өткізу нарықтарына шығуды қолға алуда. Бұл туралы ElDala.kz порталына корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады.

«Азық-түлік корпорациясы бидайды экспортқа сатуды жалғастыруда. Бүгінгі таңда жөнелтілімдер Солтүстік Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін қоса алғанда, бірқатар экспорттық бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Жұмыс бекітілген көлемдерге және жасалған келісімшарттарға сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте экспорттық географияның кеңеюіне ықпал ететін және отандық фермерлер үшін қосымша мүмкіндіктер ашатын жаңа өткізу нарықтарына шығуға басымдық беріледі», - деп баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, қазіргі уақытта Азық-түлік корпорациясы Грузияға, Мароккоға және Вьетнамға астықты қосымша жеткізу мәселесін пысықтауда.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Азық-түлік корпорациясы Вьетнамға жоғары сапалы бидай жөнелтуді бастады, бірінші партияның көлемі 15 мың тоннаны құрады. Бұған дейін Қазақстан Вьетнамға астықты соңғы рет 2017 жылы экспорттаған.

Сонымен қатар, Корпорация Мароккоға және Солтүстік Африканың басқа елдеріне 200 мың тоннадан астам бидай жеткізуге келісім-шарт жасасқан.

Азық-түлік корпорациясы қазақстандық бидайды жаңа нарықтарға экспорттау кезінде көлік шығыстарын субсидиялау бағдарламасының қатысушысы болып табылады. 27 мамырдағы жағдай бойынша экспорттаушылар аталмыш бағдарлама бойынша 625,1 мың тонна астық экспорттаған. Субсидияларды төлеудің басталуы жақын арада күтіледі.