10:13 Астық

Қазақстан мен Қытай астық саудасы үшін бірлескен алаң құрғысы келеді

Азық-түлік корпорациясы мен Қытай ұлттық астық сауда орталығы (China National Grain Trade Center) астық өнімдерін сату үшін бірлескен Қытай-Қазақстан цифрлық платформасын құруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Азық-түлік корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Екі компания өкілдерінің кездесуінде қытайлық серіктестер қолданыстағы сауда платформасы негізінде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілер үшін бөлім құруды ұсынды.

«Ең алдымен, қытайлық сатып алушы астықты, майлы дақылдарды, соның ішінде күнбағыс пен рапсты, өсімдік майын жеткізуге мүдделі. Болашақта тауарлар тізбесі майбұршақ және басқа да сұранысқа ие агроөнімдер есебінен кеңейтілуі мүмкін», - деп атап өтті Азық-түлік корпорациясында.

Азық-түлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Самат Теньбаевтың айтуынша, платформада сауда-саттықты түрлі форматта өткізуге болады: ашық аукциондар, шақыру бойынша сауда-саттық, уағдаластық бойынша және белгіленген баға бойынша мәмілелер. Мәміле шарттарының орындалуын қамтамасыз ету үшін Қытайда белсенді қолданылатын кепілдік жарна қарастырылған. Қатысушылар арасындағы қаржылық есептеулерді платформа арқылы онлайн жүргізу ұсынылады.

Кездесуде өнімнің сапасын бақылауға ерекше назар аударылды. Қытай Ұлттық астық сауда орталығы бөлім бастығының орынбасары Чжао Цзэлин түсіндіргендей, сатып алу кезінде сатып алушының талаптары, сату кезінде сатушының мәліметтері негіз болады. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда шешімді екі елде де аккредиттелген тәуелсіз инспекциялық ұйым түпкілікті қабылдайды. Дауларды реттеу жүйесі де қарастырылған.

Бірінші кезеңде қатысушылар кедендік ресімдеуді дербес жүзеге асырады деп болжанады. Алдағы уақытта кедендік рәсімдерді жеңілдету және жеделдету үшін Қазақстан мен Қытайдың бейіндік қызметтерімен өзара іс-қимылды жолға қою жоспарлануда.

Сонымен қатар, тараптар сауда-саттыққа қатысушыларға агроөнім жеткізушілерін несиелеу мен қаржыландыруды қоса алғанда, қолдау құралдарын ұсыну мүмкіндігін қарастыруда.

Жалпы, Азық-түлік корпорациясы астық платформасына қатысу әлеуетін көреді. Алаң ҚХР-ның 50 мыңға жуық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын біріктіреді және 20 жылдан астам уақыт бойы онлайн-сауда форматында табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстан үшін бұл отандық агроөнім экспортын кеңейтудің жаңа құралы бола алады.