Армения Қазақстаннан бидай сатып алуды жалғастырады
Азық-түлік корпорациясы Арменияға 1000 тонна бидайдың алғашқы партиясын жеткізді. Алушы - «Баграмян» ЖШС - өнімнің сапасын жоғары бағалап, импортты жалғастыру жоспарлары туралы мәлімдеді, деп Азық-түлік корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Армения нарығына астықты бірінші рет жеткізу үшін тапсырыс беруші 4-сыныпты бидайды таңдады. 2025 жылдың қазан айында жасалған келісімшартқа сәйкес Азық-түлік корпорациясы Даларик бекетіне 15 вагоннан тұратын астық құрамын жаңа теміржол бағытымен (Ресей, Әзірбайжан және Грузия арқылы транзитпен) жіберді. Көлік шығындарын субсидиялау армян тұтынушылары үшін логистикалық шығындарды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді.
«Баграмян» ЖШС басшысы Артак Шатворянның айтуынша, қазақстандық бидайдың сапасы күткеннен асып түсті.
«Біз бастапқыда жемшөп мақсаттары үшін астық сатып алдық, бірақ зертханалық сынақтардың нәтижелері 4-сыныпты қазақстандық бидайдың жоғары сапасын көрсетті. Астықтың экспорттық партиясының барлық дерлік параметрлері - натурасы, ақуыз, құлау саны келісімшарт талаптарынан едәуір асып түседі, ал бидай ұн өндіруге де жарамды. Біз жеткізілімге толығымен қанағаттандық және болашақта қазақстандық қатты және жұмсақ бидайды тұрақты түрде сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», - деп атап өтті компания өкілі.
Азық-түлік корпорациясы армян серіктестеріне жақсартылған сипаттамалары бар астық жөнелтілгенін атап өтті. Бидайдың сапасын және оның нан пісіруге жарамдылығын сипаттайтын құлау санының көрсеткіші 235-334 секундты, натурасы - 775 г/л, ақуыз мөлшері - 12,8%, желімшесі - 20% құрады, бұл астықтың жақсы сапасы мен оны нан пісіру мақсатында қолдану мүмкіндігін көрсетеді.
«Ұлттық оператор тапсырыс берушінің қажеттіліктеріне қарай 3, 4-сыныпты қатты және жұмсақ бидайды, сондай-ақ төмен дәрежелі астықты қоса алғанда, әртүрлі сападағы астықты жеткізу мүмкіндігіне ие. Дәстүр бойынша қазақстандық астық шетелдік сатып алушыларда жоғары сапалы және айқын нан пісіру қасиеттері үшін бағаланады, оны көбінесе ұнтақтау партияларын жақсартушы ретінде пайдаланады», - деп атап өтті корпорацияда.