Азық-түлік корпорациясы 87 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алады
Инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары аясында 2021 жылы «Азық-түлік корпорациясы» ҰК АҚ фермерлерден 87 млрд теңгеге өнім сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп (40 млрд теңге). Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Үкіметте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселесі талқыланды. Биылғы жылы Азық-түлік корпорациясы сатып алынатын дақылдар тізімін 4-тен 9-ға дейін ұлғайтты. Оған жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, рапс, зығыр, соя, қарақұмық кіреді. Аталған өнім ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін, оның ішінде ұн тарту кәсіпорындарына, құс және мал шаруашылықтарына сату үшін пайдаланылатын болады.
Бұл ретте жергілікті билік органдарының алдына ауыл шаруашылығы өндірушілерінің Азық-түлік корпорациясы алдындағы форвардтық сатып алу аясында астық жеткізу бойынша міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Тақырыпқа байланысты оқу: Қазақстандағы жиналған астық бүлінуі мүмкін
Сондай-ақ, астық жинау маусымының аяқталуына байланысты әкімдіктерге «айналым схемасы» бойынша қосымша қаржыландыру бөлуді жеделдету және өңірлік тұрақтандыру қорларына бұрын жеткізілген азық-түлік көлемін сатып алуды жүзеге асыру тапсырылды.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, негізгі аграрлық елдердегі, оның ішінде ҚР-дағы қолайсыз климаттық жағдайлар негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігінің төмендеуіне әкелді. Осыған байланысты бағаның өсуі, сондай-ақ көрші елдер тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың артуы байқалады. Ағымдағы жылдың 8 айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 9,7% құрады. Соңғы айда бағаның 0,7 пайыздық тармаққа төмендегені байқалады.
Тақырыпқа байланысты оқу: ҚР-да бидай бағасы 120 мың теңгеден асты
Премьер-министр Асқар Мамин әкімдіктер мен министрліктерге инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің уақтылы және толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеу мәселесі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Азық-түлік бағасы - әлеуметтік сезімтал мәселе. Үкімет бірінші кезекте АӨК секторында құнды қалыптастыру тізбегіндегі бағаны тұрақтандыру бойынша инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешенін іске асыруда», - деді үкімет басшысы.