Дүниежүзілік банктің несиесі тікелей фермерлерді қаржыландыруға бөлінбейді-АШМ

9 шілдеде, бейсенбі күні Eldala.kz Дүниежүзілік банк беретін несиенің қайда жұмсалатыны жайлы жазды, аталған 500 миллион АҚШ доллары мал шаруашылығын дамытуға берілетін болады. Бұл мәселе фермерлік қоғамдастықтар арасында  кеңінен талқылануда. Редакцияға келіп түскен көптеген сұрақтарды ескере отырып, келесі күні Үкімет қаулысының жобасынадағы  жұмсалатын шығынның толық жоспарын кесте ретінде жарияланды. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі несиені пайдалануға қатысты түсініктеме берді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, аталған жобада келесідей мәселелерге қол жеткізу жоспарланып отыр:

  • 20 мың фермерге несие беру;
  • 100 мың фермерге арналған тренинг;
  • Балама энергия көздерін қолдана отырып, мал шаруашылығының инфрақұрылымын дамытуға фермерлерді қаржылай қолдау;
  • Сиыр етін импорттайтын елдердің талаптарына сәйкес мал шаруашылығы өнімдерін бақылау жүйесін құру;
  • Жеке тәжірибелік ветеринарларды шағын және орта фермаларға қызмет көрсетуге, сондай-ақ ветеринарлық іс-шараларға қатыстыру.

Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің пресс-релизінде нақты іс-шараларға жұмсалатын шығындар мөлшері және оларды жүзеге асыру жолдары көрсетілмеген.

«Бұл жобада жоғарыда аталған іс-шараларды тікелей қаржыландыру қарастырылмаған. Қарызға лынатын қаражат республикалық бюджеттен мал шаруашылығы саласын қаржыландыратын Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалады», - деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, баспасөз қызметі хабарлағандай, жобаны іске асыру барысында Қазақстан үшін мүлдем жаңа қаржылық құрал қолданылатын болады. Онда нәтижеге  бағытталған бағдарлама (Program-for-Results – PforR) әдісі пайдаланылады. Бұл механизм бойынша қаражат қарыз алушыға қаржы институтымен келісілген нәтижелер мен көрсеткіштерге қол жеткізілген жағдай да ғана төленеді. Сондай-ақ берілетін қаражат лимиті мемлекет жұмсайтын қаражат мөлшеріне байланысты емес, мал шаруашылығы саласын дамытуға жұмсалғанына қарай төленеді.

Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігі атап өткендей, Дүниежүзілік банктің Қазақстанға беретін несиесі $500 млн (немесе €459,8 млн) кезең-кезеңімен нәтижеге қол жеткізген кезде бөлінетін болады. Аталған несие Дүниежүзілік банктің сарапшылар тобы әзірлеген 2021-2025 жылдарға арналған мал шаруашылығын тұрақты дамыту жобасын жүзеге асыруға бағытталады. Қазақстан Республикасының атынан қарыз алушы - Қаржы министрлігі болып табылады.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.