Қазақстанда барлық мал сою алаңдары зерттеледі
Қазақстанда аумақтық ветеринариялық инспекциялардың жедел деректері бойынша 1164 мал сою алаңы бар, олардың тек 497-сі ғана жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мал сою пункттеріне көшіру бойынша қолданыстағы алаңдардың мүмкіндіктеріне талдау, сондай-ақ жұмыс істемейтін алаңдарда есептік нөмірлерді кері қайтарып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жұмыс істемейтін сою алаңдарының есептік нөмірлері Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Абай облыстарында қайтарып алынды. Аталған жұмыс аяқталды.
Сонымен қатар, ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесте ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша эпизоотиялық жағдай бойынша бірқатар проблемалық мәселелерді атап өтіп, өңірлерде бақылауды күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, Ветеринариялық бақылау комитетіне:
- әрбір мал сою алаңына техникалық тексеру жүргізілсін және олардың ет және мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық ветеринариялық талаптарға сәйкестігі қамтамасыз етілсін;
- аурудың қатаң мониторингі, міндетті вакцинациялауды енгізу және ветеринариялық мамандарды оқыту арқылы жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу және бақылау жөніндегі шаралар күшейтілсін;
- эпизоотиялық жағдайды жақсарту және мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерінің қозғалысын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау күшейтілсін.