Қазақстан құс тұмауына байланысты Ресеймен шекаралас жерлерде шектеулер енгізді
Қазақстанмен шекаралас Челябі облысында H5N8 қауіпті вирус штаммының табылуына байланысты Ресей Федерациясымен шекарадағы аймақтарда шектеулер енгізілді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау федералды қызметінің Челябі басқармасы 3 тамызда аймақта құс тұмауы вирусының генетикалық материалы таралғаны жайлы хабарлама айтты. Өлген құстардан алынған барлық сынамаларда H5N8 тұмау вирусы табылды.
«Қазақстан Республикасының аумағында эпизоотиялық жағдайды таза сақтау мақсатында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті 4 тамыздан бастап Челябі облысынан тірі құстарды, инкубациялық жұмыртқаны, құстардың жүні және қауырсынды, құс етін және өңдеуден өтпеген құс өнімдерінің барлық түрлерін, құстарға арналған жемшөп пен жемшөп қоспаларын (химиялық және микробиологиялық синтездің жемшөп қоспаларын қоспағанда), таксидермиялық өңдеуден өтпеген аңшылықта ауланған құстарды (жабайы құс), сондай - ақ барлық құстарды ұстауға, союға және бөлуге арналған жабдықтарды әкелуге және транзиттеп тасымалдауға уақытша тыйым салды.
ҚР-мен шекаралас облыстардағы эпизоотиялық жағдайды ветеринарлық қызметтер ерекше бақылауға алды.
Баспасөз қызметі атап өткендей, қауіпті штаммның анықталуына байланысты Қазақстанның солтүстік-батыс өңірлері де аса қауіпті аймақ болып есептеледі.
Құс тұмауы-ауыл шаруашылығы, синантропты және жабайы құстарға әсер ететін жоғары контагиозды, жіті өтетін вирустық ауру. Аталған вирус малдың жаппай қырылуына да ікелуі мүмкін.
«H5N8 вирусы адамдар үшін аз патогендік болып саналғанымен, ғалымдардың пікірінше, ол тез өзгеріп, өлімге әкелуі де мүмкін, әсіресе адам тұмаудың басқа түрімен ауырған жағдайда қауіпті болып саналады» - деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.