Ұлытауда өлген 1,5 мыңдай жылқы иесіз болып шықты
25-27 наурыз аралығында арнайы топ Ұлытау облысында жылқы өлімінің ауқымы бойынша деректерді өзектендіруді жүргізді. Іс жүзінде 1475 жылқы өлекселері жойылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
«1 наурыздан бастап ҚР АШМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мал өліміне мониторинг жүргізуде, ал қазіргі уақытта ветеринариялық мамандар өлімнің себептерін анықтауға және өліктерді жоюға жұмылдырылуда», - деп атап өтті АШМ.
Ведомствоның мәліметінше, өлген жылқы басының басым бөлігінде идентификациялық нөмірлері және АШЖС дерекқорында тіркелуі жоқ. Аудандық ветеринариялық станцияларға мал иелерінен өлім фактілері туралы өтініш түскен жоқ.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жеке және заңды тұлғалардың мал иелерінің жануарларды сәйкестендіруді қамтамасыз етуге, мал сатып алу, сою, сату туралы хабарлауға міндеттемелері бар екенін айтты. Заң талаптарын сақтамау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес айыппұл салуға әкеп соғады. Осыған байланысты мал иелері оған өз құқығын мәлімдеуге асықпайды, өйткені олар жауапқа тартылуы мүмкін екенін түсінеді, деп атап өтті ведомствода.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мемлекеттік қолдау мен басқа да жеңілдіктерді алу тек мал басы ресми тіркелген жағдайда ғана мүмкін болатынын айтты. Есепке алу болмаған жағдайда мал өсірушілер де жемшөпке субсидия түрінде мемлекеттен қолдау ала алмайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Ұлытау облысы жемшөпті субсидиялауға 1,4 млрд теңге алды.
«2023 жылдың желтоқсан айынан бастап «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ жемшөпті тоннасына 60-62 мың теңге бағамен сатады. Сатып алуды құс фабрикалары да, мал шаруашылығы да жүргізеді. Жемшөп қорын сату туралы ақпарат компанияның сайтында орналастырылған, ал Азық-түлік корпорациясы 26 наурызда Ұлытау облысына жемшөп сатып алу туралы ұсыныспен жеке хат жолдады. ҚР АШМ төлемді кейінге қалдыру шарттарында іске асырылуы мүмкін мал иелерінің өтінімдері бойынша жемшөп тасымалдауды ұйымдастыруға дайын екендігі туралы хабарлайды. Өтінімдерді Азық-түлік корпорациясына немесе әкімдіктер арқылы ресми түрде беруге болады», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігінде.
Сондай-ақ, ведомство ақпан айында Ауыл шаруашылығы министрлігі жануарлардың өлімін болдырмау мақсатында жылқыларды тебіннен қораға ауыстыру бойынша ұсыныстар бергенін еске салды.