Алматы облысында құны 2,5 млрд теңге болатын ет өңдеу іске қосылады

Құны 2,5 млрд теңге болатын ет өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны Алматы облысы Кеген ауданы Тасашы ауылында «Кеген ЕтӨнеркәсіп» компаниясы іске асыруда. Кәсіпорынды 2024 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарлануда, деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Зауыт ірі қара мен жылқының етін өңдейтін болады. Мал Кеген және Райымбек аудандарының тұрғындарынан нарықтық бағамен сатып алынады. Бұдан басқа, ет комбинатын өз шикізатымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін өзінің бордақылау алаңдарын ашу жоспарлануда.

Зауыттың өндірістік қуаты ауысымына 40 бас ІҚМ, 150 бас ұсақ мал және 10 жылқы союға есептелген. Шұжық цехының қуаты 1,5 тонна шұжық өнімдерін, консерві зауытының қуаты - ауысымына 1000 банка өнімді құрайды.

Толық қуатқа шығатын ет комбинаты жылына 3 мың тоннаға дейін ет өңдейді, 331,5 тонна шұжық өнімдері мен 66 тонна ет консервілері шығарылады.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.