Португалдық инвестор Ақмола облысында ет өңдеуді бастайды

Португалдық AGROCEPHALUS, LDA компаниясы Ақмола облысында интеграцияланған ет өңдеу кешенін құру жобасына инвестиция салуда. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Жобаны отандық серіктес BigFarm ЖШС-мен бірлесіп бірқатар испандық компания – жабдық өндірушілердің, асыл тұқымды мал, құрама жем және биогаз қондырғыларын жеткізушілердің қатысуымен іске асыру жоспарлануда.

Жобаның құны - 132 млн еуро. Толық циклді заманауи агроөнеркәсіптік кластер құру көзделіп отыр.

ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов AGROCEPHALUS құрылтайшылары Кристиан Барриос Марчант және Георгий Миладиновпен кездесуде жобаның агроөнеркәсіптік сектор мен жалпы экономика үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

«Біз шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығын жоғары бағалаймыз және осы жобаны іске асыру етті мал шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосатынына, жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететініне және елдің экспорттық әлеуетін нығайтатынына сенімдіміз. Біз жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті Ғабидолла Оспанқұлов.

Кездесуде ет өңдеу кешенінің іске қосылуы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін сенімді экспорттаушы ретіндегі ұстанымын нығайтып, өңірдің еуропалық серіктестер үшін инвестициялық тартымдылығын арттыратыны атап өтілді.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.