Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауы тіркелді
Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауының ошағы тіркелді. Аурудың таралуын болдырмау үшін аймаққа вакциналар әкелінеді, аумақтар дезинфекцияланады, өлген жануарлардың мәйіттері жойылады, құс еті және одан жасалған өнімдерді экспорттауға тыйым салынды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, әртүрлі құстардың өлімі 9-16 қыркүйек аралығында Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында - Тимирязевск, Тайыншы, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын,Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев аймақтарында тіркелген. Ұлттық анықтамалық орталық құстардың жаппай қырылуына жоғары патогенді құс тұмауы себеп болғанын анықтады.
Қабылданған ережелерге сәйкес, Қазақстан Республикасы эпидемиялық ауру туралы Дүниежүзілік жануарлардың денсаулығын қорғау ұйымын хабардар етті.
Елдегі қауіпсіз деңгейін шұғыл түрде қалпына келтіру және құс тұмауының таралуын болдырмау үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті 17 қыркүйектен бастап тірі құс пен инкубациялық жұмыртқа, құстың мамығы мен қауырсынын, құс еті мен құс етінен жасалатын барлық өнімдерді, құстарға арналған жемшөп пен жемшөп қоспаларын экспорттауға уақытша шектеулер енгізді. Сонымен қатар Тимирязевск, Тайыншы, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын,Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев аймақтарынан құстарды ұстауға, союға және кесуге арналған жабдықтарды әкетуге тыйым салынды.
Сондай-ақ, ерекше қауіпті ауруды жою үшін Республикалық эпизоотияға қарсы отряд пен Ветеринариялық бақылау комитетінің Солтүстік Қазақстан аумақтық инспекциясы қазіргі уақытта құстардың мәйіттерін жою, үй-жайлар мен ауланың аумақтарын дезинфекциялау жұмыстарын жүргізіп, міндетті санитарлық шаралар кешенін жүргізуде.
Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарда жануарларды вакцинациялау үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 873 мың доза отандық дәрі-дәрмектер бөлінді.
Арнайы комиссияның шешімімен Ветеринарлық бақылау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы бөлімі өлген құстардың иелеріне жануарлардың орташа айлық нарықтық құны мөлшерінде өтемақы төлейді.
Өңірдегі эпизоотикалық жағдай министрліктің бақылауында.
Естеріңізге сала кетейік, 26 тамызда Қазақстан жоғары патогенді құс тұмауы вирусының таралуына байланысты Ресейдің Омбы облысынан тірі құстарды, құс өнімдерін әкелуге шектеулер енгізген болатын.