Астанада қуаттылығы жылына 18 мың тонна ет өнімін өндіретін зауыт іске қосылады
Астанада жақын арада қуаттылығы жылына 18 мың тоннадан асатын «Астана ЕТКОМ» ЖШС ет өңдеу зауытын пайдалануға беру жоспарлануда. Жобаның іске асырылу барысымен премьер-министр Олжас Бектенов танысты, деп үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорын директоры Нұрлан Айтбаевтың айтуынша, зауыт тәулігіне 50 тоннаға дейін өнім шығара алады. Шикізатты отандық өндірушілерден, оның ішінде «Айтас» АҚ, «KazBeef» ЖШС және өңірлердің фермерлік шаруашылықтарынан сатып алатын болады.
Бірінші кезеңде кәсіпорын 100 адамға дейін жұмыспен қамтамасыз етеді, толық қуатқа шыққаннан кейін қызметкерлер саны 300-ге дейін артады. Кадрларды даярлау үшін колледж студенттерін кейіннен жұмысқа орналастыра отырып оқыту ұйымдастырылды.
Олжас Бектенов терең өңдеу АӨК дамытудың негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау, ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту және Қазақстанның аусылдан таза ел мәртебесін алуы экспортты ұлғайту және қайта өңдеу үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Алдағы екі жылда елордада 180 млрд теңге сомасына АӨК саласындағы жеті инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. 1,6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
2025-2026 жылдары қалада жалпы қуаттылығы 12 мың тонна болатын екі көкөніс қоймасы және қуаттылығы жылына 53 мың тонна өнім шығаратын үш қайта өңдеу кәсіпорны ашылды. Сонымен қатар, Сонымен қатар, 18 мың тонна көкөніске келісімшарт жасалды.