АШМ мал экспорты үшін квота бөлу мәселесі туралы айтты
Ағымдағы жылдың басында ведомствоаралық комиссияның шешімімен аналық малды экспорттауға тыйым салынып, бұқа мен қойға квота беру туралы шешім қабылданды. Аталған жұмыс қалай орындалып жатқандығы туралы ҚР АШМ мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов айтып, брифингте ElDala.kz тілшісінің сұрағына жауап берді.
Бөлім басшысы атап өткендей, өткен жылы малдарды экспортқа шығару мәселесі ведомствоаралық комиссияда «Атамекен» ҰКП- мен бірлесіп бірнеше рет талқыланып, биыл қорытынды шешім қабылданған. Сонымен қатар, квоталарды беру туралы құжат әлі де қарастырылуда.
«Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі сауда мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, квоталарды бекіту мен бөлуге байланысты барлық мәселені қамтитын ереже дайындап жатыр. Анықтап айтқанда, квотаның көлемі өндірушілерден түскен өтініштер негізінде анықталады, ал шарт бойынша малды ішкі нарықтағы қайта өңдеу орындарына сату көзделуде. Егер бұл талап орындалса, квота беріледі», - деді Еркебұлан Ахметов.
Тақырыпқа байланысты оқу: Қазақстан малы Өзбекстанға жіберілуде
Алайда экспорттық квотаның кімге бөлінетіндігі туралы түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын жеткізді. Экспортқа шығару үшін жазылған өтінімдерді жергілікті атқарушы органдарға, «Атамекен» аймақтық палаталарға немесе тікелей уәкілетті органға жіберуге болады, себебі квота сонда қарастырылады.
«Экспорттаушылар өндіріс пен тұтыну сұранысына сәйкес келіп түскен өтінімдер негізінде анықталады», - деп қорытындылады сөзін Еркебұлан Ахметов.