08 июля 2021 Мал шаруашылығы

АШМ жанынан мал азығын дайындауды үйлестіру бойынша республикалық штаб құрылды

Ағымдағы жылы Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Алматы облыстарындағы құрғақшылықтың салдарынан малды азықпен қамтамасыз ету жағдайы күрделене түсті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан жем-шөп дайындау мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылын үйлестіру үшін Республикалық жедел штаб құрылды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінен хабарлағандай, құрғақшылық салдарынан Маңғыстау облысында – 1147 ауыл шаруашылығы малдары (облыстың жалпы мал басының 0,13%) және Қызылорда облысының Арал ауданында - 492 бас (облыстың жалпы мал басының 0,03%) мал қырылғандығы тіркелді.

Тақырыпқа байланысты оқуҚұрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарда мал өлімі тоқтады

Азық дайындау жұмыстарын үйлестіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан Республикалық жедел штабтың отырыстары үнемі өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, облыстардың әкімдіктері жанынан азық дайындау мәселелерін тұрақты түрде бақылау және жедел түрде шешу үшін арнайы штабтар құрылды. Барлық облыстарда алдағы қас кезінде малға арналған жем дайындау жоспарлары жасалды.

«Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердің фермерлері үшін ауыл шаруашылығы малдарын жаю үшін жайылымдарды беру және шөп шабуды ұйымдастыру бойынша қажетті шаралар ұйымдастырылуда. Шөп шабу үшін пайдаланылмайтын және жайылмалы шалғындарды бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Халыққа орман шаруашылығы мен табиғи резерваттар аумақтарында шөп дайындау мүмкіндігі беріледі, ауыл тұрғындарына егін жинау жұмыстарынан кейін алқаптардан сабан жинауға да мүмкіндік беріледі», - деп атап өтті баспасөз қызметі.

Облыс әкімдіктерінің жедел мәліметтері бойынша, 7 шілдедегі жағдай бойынша аймақтарда 6,5 млн тонна шөп дайындалды.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысына 13 мың түп және 92 орама шөп жіберілді, апта сайын 5 вагон кебек жеткізіледі. Көршілес облыстар аумағында шөп шабу ұйымдастырылды. Басқа өңірлерге малды уақытша жаю үшін 6470 бас мал тасымалданды. Сонымен қатар, Азық-түлік корпорациясымен 637 тонна арзандатылған арпа жеткізілді. Азық дайындауды жүзеге асыру үшін ҚР Үкіметінің резервінен 1,9 млрд теңге бөлінеді.

Арал ауданына 1 мың тоннадан астам шөп және 40 тонна құнарлы жем жеткізілді. Азық-түлік корпорациясына 600 тонна арпа жеткізіледі. Шөп шабатын 12 бригада құрылып, жем-шөпті тасымалдауға 127 автомашина жұмылдырылды. Көршілес Ақтөбе облысынан мал азығын жеткізу ұйымдастырылды.

Тақырыпқа байланысты оқуҚазақстанда мал азығына байланысты жағдай қиын

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, жем-шөпті дайындау және қамтамасыз ету мәселелері Министрлік пен облыс әкімдіктерінің тұрақты бақылауында тұр.